Жасыл аймақ: Сыр өңірінде жас отбасылар ағаш көшеттерін отырғызды
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы «Жасыл аймақ» апталығымен жалғасуда. Отбасы – шағын мемлекет десек, сол мемлекеттің де басты қызметтері бар. Солардың бірі – ағаш отырғызу.
«Жасыл аймақ» апталығында жаңадан шаңырақ көтерген 10 отбасы былтыр ғана ел игілігіне берілген Отбасы орталығы аумағында ағаш көшеттерін отырғызып, игі іске жұмыла кірісті.
«Атадан мал қалғанша,тал қалсын» деген сөз бар. Жас отбасылар отырғызған ағаш расында жаңа өмірдің алғашқы баспалдағын аттаған жас жұбайлар іспеттес. Күтімі күпті,бабы мықты болса сол ағаштың да жапырағы жайқалып, берік әрі мығым бола түседі. Ізгі шараға атсалысқан жас отбасылар экологиялық мәдениетті қалыптастыра отырып, отансүйгіштікке, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарды артыруды көздеген науқан аясында қала тұрғындарын барынша белсенді болуға шақырды. Естелік ретінде шара соңында жас отбасылар фотозоналарда түсірілім жасап, көтеріңкі көңіл-күйде шараны қорытындылады.
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі