Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 19 газет

14 наурыз 2026 ж.

№ 18 газет

07 наурыз 2026 ж.

№17 газет

03 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Амал келді, ағайын!

Амал келді, ағайын!

Елімізде жыл сайын Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі ауқымды түрде өткізіледі. Наурызнаманың онкүндігінде сан түрлі амал жасалып, жылдың басталуына көпшілік аса мән береді. Бүгін наурызнаманың алғашқы күнінде – «Көрісу күні» мерекесі аталып өтіледі. Еліміздің батысында бұл күн «Амал мерекесі» саналса, қазақ үшін оның мән-мағынасы зор.

Бұл мереке – адамдардың қыстан аман-есен шығып, бір-бірімен қауышып, амандасып, өкпе-ренішті ұмытып, жаңа жылды татулықпен бастайтын күні. Таң атқаннан бастап бір-бірінің үйіне барып, қол алысып, құшақтасып көрісуі ерекше жарасымдылыққа ие. Ағайын-туыс, дос-жаран: «Бір жасыңмен, жасың құтты болсын, амал құтты болсын» деп ақжарма тілегін жеткізеді.

Өз кезегінде Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров жылдың басталуымен құттықтап, көпшілікке ақ батасын берді.

– Баршаңызды көктемнің шуақты мерекесі – Көрісу күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн – халқымыздың сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан тағылымды дәстүрінің бірі. Қыстан аман-есен шығып, бір-бірі­мізбен көрісіп, аман­дық сұрасу – қазақ халқының бауырмалдығы мен кең пейілін, татулығы мен бірлігін айшық­тай­тын ерекше күн. Ғасыр жасаған қария, Ұлы Отан соғысы жылдарының куә­гері ретінде бейбіт өмірдің қадірін терең түсінемін. Біз көрген қиын кезеңдерді кейінгі ұрпақ көрмесін деп тілейміз. Елімізде әрдайым тыныштық пен тұрақтылық болсын, халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын. Көрісу күні – тек амандасып, көрісетін күн ғана емес, адамдардың бір-біріне ізгі тілегін білдіріп, өкпе-ренішті ұмытып, татулықты нығайтатын мереке. Осындай берекелі күні үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіліп, ағайын-туыс пен көрші-қолаң бір-бірінің шаңырағына барып, ақжарма тілектер айтады. Бұл – хал­қы­мыздың адам­­гер­шілік құн­­ды­лық­тарын айқындайтын қа­сиетті дәстүр. Менің тілегім – еліміз аман, жұртымыз тыныш бол­сын. Әр шаңыраққа береке мен бақ қонсын, әр отбасыға амандық пен молшылық тілеймін. Жастарымыз елін сүйетін, жерін қадірлейтін, үлкенді сыйлап, салт-дәстүрі­мізді ардақтайтын аза­мат болып өссін. Ұрпақ са­бақтастығы үзілмей, хал­қымыздың ұлттық құн­­дылықтары мен дәс­түрлері мәң­гі жасай берсін. Бейбіт өмірдің ба­ғасын біліп, бірлігіміз бен ын­тымағымыз арта берсін, – деді Яхия Тасыров.


Күнделікті жаяу жүретін, көлікке мінбейтін қазыналы қарт жұртшылыққа құрмет пен ізет көрсетудің амалын жасағанды жөн санайды. Татулық пен бірлікті айшықтайтын мерекеде бір-бірімен араздасқан адамдар да татуласып, Наурыз мейрамының алғаш­қы бастамасына аса мән береді. Әрине, бұл күні тек сөзбен құттықтау жеткіліксіз. Қол алысып, көзбе-көз көрісу, жылы сөз айту – адамның жүрегін жылытып, көңілге қуаныш сыйлайды. Мереке – тек дәстүр емес, бұл – адамдар арасындағы махаббат пен бауырластықтың айқын көрінісі.

Б.АЯБЕКҰЛЫ

14 наурыз 2026 ж. 31 0