Амал келді, жыл келді
Қытымыр қыстың ызғары кетіп, көктемнің нышаны сезіледі. Әз-Наурыздан басталатын жаңа жылдың алғашқы мерекесі – Көрісу күні өз сән-салтанатымен келіп жетті. Бұл күн әсіресе, батыс өңірінде дәстүрлі түрде атап өтіледі. Көрісу немесе Амал мерекесі ретінде ел-халық осы күні бір-бірімен көрісіп, құрақ ұша төс қағыстырады. Көрші-қолаң, туған-туыспен арнайы сәлемдесуге барып, бұрынғы өкпе-реніш ұмытылып, жыл басын береке-бірлікпен бастауға ниеттенеді.
Осы күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды айтулы күнмен құттықтады. Мемлекет басшысы «Барша Қазақстан халқын Амал мерекесімен құттықтаймын. Ықылым заманнан бері бабаларымыз бұл күнді «Амал келді, жыл келді» деп ерекше қуанышпен қарсы алған. Дәстүр бойынша осы күні қыстан аман шыққан жұртымыз төс қағысып көріскен. Жыл мерекелі де берекелі болсын!» деді өз құттықтауында.
Соңғы жылдары «14 наурыз – Көрісу күні» ретінде еліміздің өзге аймақтарында да аталып өтіле бастады. Наурыз мерекесінің алғашқы мейрамы ізгіліктің, татулықтың, мейірімділіктің белгісі ретінде тойланады.
– Амал мерекесі Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан өңірлерінде атап өтілгенімен, бұл – қазақ халқына тән көнеден келе жатқан көктем мерекесі. Жыл басы Наурызды тойлау осы көрісуден басталады. Жастар жағы үлкен кісілердің үйлеріне арнайы сәлем беруге барып, амандық-саулық сұрасып, көріседі. Үлкендер ризашылықпен батасын береді. Балалардың қалтасын тәттілерге толтырып жібереді. Ұрпақты ауызбірлікке, бауырмалдыққа, ізеттілікке тәрбиелейтін мерекеде ауыл-аймақтағы барлық үйдің есігі айқара ашық болуы керек, – дейді кент тұрғыны Қазына Асықбаева.
Амандық-саулықтан басталатын мерекеде жас пен кәрі бар жақсысын киіп, жасанып, қыстан аман-есен шыққанына қуанады. Бір-бірімен қол алысып, барлық жақсы амал жасалады. Мерекелік дастархан басына жиналған қауым «Жаңа жас құтты болсын, осы жылға аман-есен жетуіңмен» дейді.
Таңның шуағымен келіп жеткен көрісу мерекесін асыға күткен әрбір отбасына амандық пен саулық тілейміз! Бір-бірімізбен қуанышта асыға көрісейік!
Бибісара ЖАНӘЛІ