Амал келді – жыл келді
14 наурыз – еліміздің батыс өңірі халқы үшін өте ерекше күн. Себебі 14 наурыз – амал мерекесі. Бұл күнді көрісу күні деп те айтады. Көбінесе аталмыш мерекені еліміздің батыс өңірлерінде атап өтеді. Ал өзге аймақ жұртшылығы үшін бұл мейрам таңсықтау. Дегенмен амал мерекесі қазақ тарихында ықылым заманнан бері бар екені мәлім. Халық арасында наурыз мерекесін қарсы алу осы күннен басталады. Алайда бұл мерекенің құндылығы мен мән-мағынасын білмейтіндер де бар. Көрісу күні неліктен батыста ғана атап өтілетінін білесіз бе? Осыған орай амал мерекесінің шығу тарихы және қалай тойланатыны жөнінде қалам тербеп көрелік.
Амал мерекесі немесе көрісу дәстүрі – қазақтың наурыз мейрамының негізгі көне салтының бірі болып саналады. Бұл мереке кеңес үкіметі кезінде ұмытылып, қазір қайтадан жанданып жатыр. Қытымыр қыстан аман-есен шығып, шуақты көктем мезгіліне аяқ басқан жұртшылық бұл күні ерте тұрып туған-туыс, көрші-көлеңмен қуанып көрісіп, төс қағыстырып, бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «1 жасыңмен» деп ақ тілегін білдіріп жатады. Әр адам міндетті түрде үш үйге кіріп, көрісу керек деген де бар. Сонымен қоса амал мерекесі тек бір күнмен ғана шектелмейді. Наурыз бойы жалғасын табады. Бұл күні – бір-біріне деген бұрынғы өкпе-реніші мен арадағы араздығы ұмытылып, кешіріледі. Көрісу тек жақсылық тілеп, қауышатын ғана мереке емес, сонымен қоса жасы егде кісілерге құрмет көрсетіліп, сый-сияпат көрсетілетін күн.
Амал мерекесінің шығу тарихы сонау ежелгі заманнан бастау алады. Бұл мерекенің шығу тарихы туралы сан түрлі деректер мен аңыздар бар. Дегенмен түптеп келгенде барлығының мәні бір. Ертеректе көшпелі қазақ халқы үшін қыс мезгілі өте ауыр болған. Қытымыр қыста мал ашығып, көктемде жаңбыр ерте жауып, жұт басталып, көтерем мал қырыла бастайды. Қыс ауасы бір жерден екінші жерге көшіп, малын алысқа айдап, елдің әбігерге түсетін уақыты. Қыс кезінде шаруашылықтар мал пайдасына бола жайылым үшін бір-бірінен алыстау отырады. Сол себепті бір-бірімен көрісіп, аман-саулығын біле алмайды. Осындай қиын қыстаудан аман-есен шыққан жұртшылық бір-бірімен сағыныса қуанып көріседі. Көрісу дәстүрі осыдан шықса керек. Қыс бойы бір-бірінің өлі не тірі екенін біле алмаған халық бір-бірімен жүздескеніне қуанып, құшақтап, шуақты көктем мезгіліне жеткендеріне шүкіршілік етеді. Ұлы Абайдың «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, мауқын басып» деген өлең жолдары осыған байланысты айтылған болса керек.
Айтулы мерекеге батыс өңірінің халқы өте жақсы дайындалады. Бұл жақта жыл сайын мереке жоғары деңгейде дүркіреп атап өтіледі. Әр отбасы жыл бойы молшылық болсын деген ниетте молынан дастархан жайып, бар тәттісін ортаға қояды. Ұлттық құндылығымыз саналатын әдемі ұлттық киімдерін киіп, туған-туыстың үйін аралап, көріседі. Жасы кішілер үлкендерге барып қол алысып, аман-саулық сұрасады. Бір-біріне арнайы кәде-сыйларын да дайындайды.
Негізінде амал мерекесі бүкіл қазақ халқына ортақ мереке. Батыс Қазақстанның ғана мерекесі деген жаңсақ ұғым. Көрісу дәстүрінің батыс өңірде жақсы сақталуының себебі – батыста қазақ ұлтының үлесі басқа ұлттарға қарағанда басым. Сонымен қоса батыста қазақы салт-дәстүр өте жақсы сақталған. Бұл мереке Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор аймағы, Өзбекстан, Иран, Түркияның қазақтары көп қоныстанған жерлерінде әлі күнге дейін бұлжымай сақталып, тойланады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні көрісу – барша қазақ халқына тән мереке.
Мерекенің қазіргі кезде де маңызы жоғары. Амал мерекесі – өскелең ұрпақты татулық пен бауырмалдыққа, ізеттілік пен мейірімге жетелейді. Бұл мереке татулық пен бауырмалдықтың бір көрінісі іспетті. Бірлік пен ынтымақты ту еткен қазақ халқын келіп жеткен амал мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.
Алтынай Қайратқызы
Фото: KTK.KZ