Шағын доптан – үлкен арманға
Үнемі биязы қалпынан таймайтын спортшы Гүлсара Ысқақованың есімі бүгінде тек аудан көлемінде ғана емес, республикаға да танымал. Жылдамдық пен дәлдікті, төзім мен табандылықты талап ететін спорт түрі – үстел теннисімен айналысатын аудан мақтанышы Гүлсара жетістікке жету жолында талай сыннан өтіп, шеберлігін шыңдай білді.Үстел теннисі сырт көзге жеңіл көрінгенімен, бұл спорт үлкен ептілік пен жылдам ойлауды талап етеді. Әр соққы – есеп, әр қимыл – дәлдік. Осындай сәттерде тәжірибелі спортшы өз шеберлігін көрсетіп, қарсыластарына лайықты бәсекелес бола білді.Осыдан 35 жыл бұрын Нағи Ілиясов ауылында дүниеге келген Гүлсара Ғинаятқызы үстел теннисімен 10 жасынан бастап айналысады. Алғаш рет Көкшетау қаласында жүріп осы спорттың қыр-сырын меңгерген спортшы бүгінде аудан намысын түрлі республикалық және халықаралық жарыстарда қорғап келеді. Қазіргі таңда ол бапкерлік қызметті де қатар алып жүр.
Бастапқыда шағын ғана доп пен ракетканы қолына алған жас спортшы болашақ мамандығын да осы спортпен байланыстыра білді. Көз ілеспес жылдамдықпен ойналатын бұл спорт түрімен айналысу – үздіксіз жаттығып, шеберлікті шыңдауды талап етеді. Ракетканы нық ұстап, доптың бағытын дәл табуға талпынған жас өрендерді жаттықтырып жүрген білікті маман соңғы он жыл бойы бапкерлік қызметпен айналысуда.
– Мен бұған дейін «Шет тілі» және «Ақпараттық жүйелер» мамандықтары бойынша жоғары білім алып, диплом иегері атандым. Қашанда білім адамға артықтық етпейді. Үнемі ізденіс үстінде жүріп, спортшы болумен қатар тіл маманы ретінде де кәсіби біліктілігімді жетілдірдім. Кейіннен «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы бойынша үшінші дипломымды қолға алған кезде үстел теннисінен жаттықтырушы ретінде өз бағытымды нақты айқындадым. Бүгінде Сырдария ауданы бойынша 22 спортшыны үстел теннисінен спортшы дайындап келемін. Жарыстарға қатысып, түрлі қарсыластармен ойнау – шәкірттерім үшін үлкен тәжірибе. Әр ойыннан кейін өз қателіктерін саралап, келесі жолы жақсы нәтиже көрсетуге талпынады. Спорт маған тек күш пен ептілікті ғана емес, өз-өзіңе деген сенімді де сыйлады. Сондықтан спортшыларымның сенімді болуы үшін әр жарыс сайын оларды жігерлендіріп отырамын, – дейді Гүлсара Ғинаятқызы.
«№11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің тәжірибелі жаттықтырушысының шәкірттері бүгінде ҚР чемпионаттарында және «Ауыл спартакиадасында» қарсыластарымен шеберлік байқасып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуде.
Б. ОРДАБЕКОВ









