Жауапты қызметтегі нәзік жан
Қоғам дамыған сайын әйел адамның түрлі саладағы рөлі жыл сайын артып келеді. Бүгінде нәзік жандар тек отбасының ұйытқысы ғана емес, жауапкершілігі жоғары қызметтерде де табысты еңбек етіп жүр. Соның бірі – аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде бас маман қызметін атқаратын Салтанат Джалмухамбетова. Өрт қауіпсіздігі саласында еңбек ете жүріп, шаңырағының түтінін түтетіп отырған Салтанат Нұржанқызы – бес баланың анасы.Атырау облысының тумасы Салтанат Нұржанқызының мектеп жасынан арманы авиация саласына түсу болатын. 2004 жылы орта білімді аяқтағаннан кейін Алматы қаласына Азаматтық авиация академиясына оқуға түседі. Арман еткен саласында білім ала жүріп, өмірлік серігі Айдос Амантайұлымен танысқан. Бірақ бұл салада білім алғанымен өзі ойлаған мамандықтың иесі атана алмаған.
– Авиация академиясында білім ала отырып, ол салада қызмет етпегеніме өкінбеймін. Өйткені оқуды бітірер алдында марқұм анам «ауылға кел, ауылда да жұмыс табылады» деген болатын. Солай 2008 жылы оқуымды тәмамдап, анамның жанына оралдым. Ауылға келгеннен кейін осы аудандық төтенше жағдайлар бөліміне жұмысқа орналасып, сол жылдан бері еңбек етіп келемін. Анашымның мына сөзі сол кезде мені қатты ойландырып, осы салаға алып келді. «Басқа жұмысты күтіп отырғанда уақытыңды жоғалтасың» дегені әлі күнге дейін жадымда қалып қойған. Тіпті, бір өмірлік ұстанымға айналғандай, –дейді сала маманы.
Бүгінде жауапты саланың жұмысын абыроймен атқарып жүрген жан жолдасы Айдос Амантайұлымен отауды 2009 жылы құрған. Өмірлік серігі де осы өрт сөндіру саласында еңбек еткен. Отбасында төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған Салтанат Нұржанқызы балаларына үлгі тұтарлық жан.
Қайсарлық пен табандылықты, шыдамдылық пен өр мінезді талап ететін жауапты қызметте еңбек етіп жүргеніне біршама жыл өтсе де нәзік қалпын жоғалтпаған жылы жүрек иесі.
Саланың әр қызметкері күн сайын қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында маңызды жұмыс атқарады. Яғни сала мамандары төтенше жағдайлардың алдын алу, талаптардың қатаң сақталуын, түрлі нысандарды тексере отырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Бұл – үлкен жауапкершілік пен мұқияттылықты талап ететін қызмет. Жауапты қызметімен қатар отбасының берекесін келтіріп жүрген Салтанат Нұржанқызы – аяулы жар. Ер жетіп келе жатқан ұлдарына өлшеусіз жауапкершілік пен қайсарлықтың символын көрсетіп келеді. Қызметтегі кәсібилігімен ғана емес, еңбекқорлығы мен табандылығымен ерекшеленетін жанның ұжымдағы орны бөлек. Қиындығы мол салада еңбек етіп, әріптестерімен бірге қоғам қауіпсіздігі үшін аянбай қызмет ететін Салтанат – өз ісінің білгірі Салада абыройлы маман болса, шаңырағында мейірімді ана, асыл жар.
Г.ТАБЫНБАЙ










