Топ-баннер
Топ-баннер2
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№18 газет

07 наурыз 2026 ж.

№17 газет

03 наурыз 2026 ж.

№16 газет

28 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бір саланың жүгін көтерген

Бір саланың жүгін көтерген

Қай салада болсын жауапкершілікті серік етіп, табандылық пен кәсібилікті ту еткен азаматтың еңбек жолы кейінгі буынға үлгі болатыны сөзсіз. Саналы ғұмырын ауданның медицина саласының дамуына арнап, адал еңбегімен абырой биігінен көрінген құрметті жан – Гүлбану Майлықожа. Биыл зейнет жасына келетін кейіпкеріміз жинақтаған мол тәжірибесі мен кәсіби біліктілігін денсаулық сақтау саласының игілігі жолында аянбай жұмсап келеді.

Гүлбану Дүйсенбайқызы – аудандық аурухананың телемедицина қызметінде 18 жыл табысты еңбек етті. Заманауи медициналық технологияларды тиімді пайдалану арқылы шалғайдағы тұрғындардың сапалы медициналық кеңес алуына мүмкіндік жасап, аудандық аурухана жұмысының сапалы жүргізілуіне үлес қосты. Қызмет барысында ұқыптылық пен жауапкершілікті басты қағида етіп, әріптестерінің құрметіне бөленіп отыр.

Осыдан 61 жыл бұрын Шіркейлі ауылында көктемнің алғашқы күні дүние есігін ашқан Гүлбану мектеп қабырғасын тәмамдап, Қызылорда облысында «Қы­зылорда совхоз» техникумында есепші маман­дығын бітіріп шығады. Алғашқы жұмыс орнын Шіркейлі ауылдық округінде бастап, тәжірибе жинақтайды. Кейіннен аудан орталығына келіп, бірнеше мекемеде оператор, есепші қызметін атқарады. Білімін шыңдау мақсатында Гүлбану Майлықожа Қызылорда облысы «Ақмешіт» гума­нитарлық-техникалық институтында жоғары білімді игереді. Ал 2008 жылы Гүлбану Сырдария аудандық орталық ауруханасына оператор қызметіне орналасады. Сол уақыттан бастап оның кәсіби өмірі жаңа кезеңге аяқ басты. Операторлық қызмет – телемедицина немесе аурухана жүйесінің жұмысын ұйымдастырудың маңызды бөлігі. Оның басты міндеті – дәрігер мен науқас арасындағы тікелей байланысты орнату, медициналық деректерді сақтау және онлайн кеңестерді үйлестіру. Бұл жұмыс үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі әрбір маманның шешімі науқастың денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін.

– Біздің әріптесіміз телемедицина саласында бірнеше жыл табанды еңбек етіп қаншама жанға шипа, үміт пен сенім сыйлады. Қашықтықтан болса да жүрек жылуын жеткізіп, кәсібилігі мен адамгершілікті қатар ұстай білді. Гүлбану Дүйсенбайқызының жауапкершілігі кейінгі буынға үлгі. Зейнет жасына жеткен ардақты жанның өмірлік тәжірибесі, ақыл-парасаттылығы ұжым үшін қашанда бағалы. Алдағы уақытта деніне саулық, отбасына амандық тілеймін. Еңбегінің жемісін көріп жүре берсін деймін. Қос қуанышымен құттықтаймын, – деді ау­дандық аурухананың бас дәрігері Жанар Жұмабаева.

Расында, Гүлбану Майлықожаның еңбек жолы – ыждағаттылық пен адамға деген қамқорлыққа толы жылдар шежіресі. Уақыт өзгеріп, медицина жаңа технологиялармен толыққан кезеңде де ол өз кәсібилігінен айныған емес. Күнделікті медицина мамандары үшін алысты жақын ететін оның біліктілігі талай адамның дер кезінде ем алуы­на, дәрігер көмегіне қол жеткізуіне себеп болды. Телемедицина арқылы шалғайдағы тұрғындардың да денсаулығын назардан тыс қалдырмай, әр науқастың жағдайына бей-жай қарамайтын жанашырлығын көрсетті.

Отбасында ардақты ана, жұмыста білікті маманның еңбегі мен іскерлік шеберлігі – кейінгі буын үшін үлкен өнеге. Жылдар бойы жинаған білімі мен адамгершілік қасиеті медицина саласында мәңгілік із қалдыратыны сөзсіз.

Ақтоты ӨТЕПБЕРГЕНОВА
07 наурыз 2026 ж. 127 0