Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан медицинасының қара нары

Аудан медицинасының қара нары

«Сырдария ауданының құрметті азаматы», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау саласының үздігі» медальдарының иегері Рүстем Садықов биыл 85 жасқа толып отыр. Мерейтой иесінің шаңырағына ұлық мереке аясында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов арнайы барып, құрмет көрсетті.

Берекелі шаңырақтағы кездесуде Олжас Ермекұлы ардақты ардагерді мерейлі 85 жасымен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.

– Денсаулық сақтау саласының майталман маманы Рүстем Садықов Сыр медицинасын дамуына зор үлес қосты. Қиын-қыстау уақытта аудандық ауруханаға басшылық жасап, саланың жұмысын ілгерілетуге зор ықпал етті. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде өз ісінің білгірі атанды. Жас мамандарды дайындауда аса ыждағаттылық танытып, оларға жол көрсете білді. Бұл ретте, қазыналы қартты ұлыстың ұлы күнімен қатар келген мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын, – деді облыстық ден­­сау­лық сақтау басқармасының басшы­сы.

Рүстем Садықов – Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі ауылының тумасы. Өмір жолы өнеге ардагер алғашқы еңбек жолын 1964 жылы Жалағаш ауда­нын­дағы Калинин атындағы сов­хозда бастаған. Сонымен қатар 1975 жылы Терең­өзек аудандық ден­саулық сақтау бөліміне бас дәрігердің орынбасары қызметіне тағайындалды. Ал 1985-1999 жылдары аудандық аурухананың бас дәрігері қызметін абыроймен атқарды. Ардақты ардагер, абырой биігіндегі азамат аудан медицинасының алға жылжуына айрықша септігін тигізді. Бүгінде қазыналы қарттың перзенттері де дәрігерлік мамандық таңдап, ел-жұртқа еңселі еңбек етуде.

Өз кезегінде облыстық ден­саулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаковпен бірге ардақты ардагерді құттықтаған аудандық аурухананың бас дәрігері Жалғасбек Үсеновке, бас дәрігердің орынбасары Жанар Жұмабаеваға, медицина қызметкерлері кә­сіподақ ұйымының төрағасы Серік Маханбетовке ақылман қа­рия ақ батасын беріп, шынайы ризашылығын білдірді.

Мерейтой иесіне арнайы құт­тықтау хат пен сыйлық берілді.

Б.ОРДАБЕКОВ

22 наурыз 2025 ж. 8 0