Сексеннің сеңгіріндегі ұстаз тағылымы
Елге есімі белгілі, қарапайым шаруа адамы Сұлтан Ерімбетовтің отбасында 7 перзент тәрбиеленсе, олардың үлкені – Ұлбике. Әке мен ананың тағылымын көрген Ұлбике Сұлтанқызы бар ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнады. Биыл 80 жылдық мерейтойын атап өткен ардақты ана ұлағатты ұстаз ретінде шәкірттерінің зор құрметіне ие. Талай жыл білімнің қарашаңырағы – №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде қызмет еткен білім саласының майталманы білікті басшы Сақыбек Алданазаровтың тікелей тәлімін алған.Біз білетін Ұлбике Ерімбетова қазіргі Асқар Тоқмағанбетов ауылында дүниеге келген. Аудандағы балаларға орыс тілінде білім беретін №36 А.Жданов атындағы орыс мектебін бітіргеннен кейін Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтына түсіп, орыс тілі мен әдебиеті пәні мамандығын алып шығады. Әрине, жиырма екі жастағы бойжеткен дипломын алғаннан кейін педагогика саласының белді маманы атануға бекінеді.
– Мұғалімдік қызметті таңдауыма әке-шешемнің ықпалы өте зор болды. Әсіресе, әрбір баласының жан-жақты білім алуына жағдай жасаған әкемнің еңбегін жоғары бағалаймын. Мұғалімдік қызметті ең құрметті мамандық қатарына жатқызатын қос ардақтымыз үнемі қарапайым қалпынан тайған емес. Институтты бітіретін жылы мемлекеттік емтихан алдында тәжірибеден өткен болатынмын. Сол кезде Сақыбек Алданазаров мектепте жұмыс жасауға шақырған еді. Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес, ол – үлкен жауапкершілік. Әр баланың жүрегіне жол табу, білімге деген қызығушылығын ояту, адам болып қалыптасуына аз да болса үлес қосу – мен үшін ең үлкен бақыт болды. Осы жылдар ішінде қаншама шәкірттер өсіп, қанат қақты. Бірі дәрігер болды, бірі ұстаз, бірі елге қызмет етіп жүрген азамат атанды. Солардың жетістігін көрген сайын «еңбегім зая кетпепті» деп көңілім марқайып қалады. Орыс тілі мен әдебиеті – үлкен рухани әлем. Біз сабақ барысында тек грамматика үйретіп қана қоймай, адамдық құндылықтарды, мәдениетті, көркем сөздің құдіретін танытуға тырыстық. Кітап – адамның жан дүниесін байытатын қазына. Сол қазынаны шәкірттеріме жеткізе алғаныма қуанамын. Жылдар өте береді, бірақ ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс ешқашан үзілмейді. Мен үшін ең үлкен марапат – шәкірттерімнің амандығы, олардың елге пайдалы азамат болып өсуі, – деді ардақты ана.
Шындығында, сексен жыл – бір адамның ғұмыры ғана емес, талай ұрпақтың өмірімен тоғысқан ұзақ жол. Ұлағатты ұстаздың бар ғұмыры тағылымы мен ғибратымен өрілді. Отыз жылға жуық уақыт бойы мектеп табалдырығын аттап, шәкірттеріне орыс тілі мен әдебиетінің қыр-сырын үйретуге тырысты. Ұстаздық жолда қаншама белесті бағындырған кейіпкеріміз өз ұстанымынан тайған емес. Күнделікті сабаққа дайындықпен келіп, байыппен балаларға ұғындыра білетін. Кез келген қиындықтан мүдірместен өтіп, жетістікке қол жеткізе білді. «ҚР Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталған Ұлбике Сұлтанқызы барлық дүниені сараптап, жан-жақты таразылап шешім шығарады.
– Өміріме қарап, шүкіршілік айтамын. Ұстаздық жол мені сабырлы болуға, адамдарды құрметтеуге, білімнің қадірін түсінуге үйретті. Егер өмірді қайта бастау мүмкіндігі болса, мен тағы да осы жолды – ұстаздық жолды таңдар едім. Жолдасым Абылай Әшірбеков – «Сельхозтехниканың» бас шебері, «Құмкөл Харрикейн» мұнай компаниясында механик, Тереңөзек аудандық мәслихат депутаты қызметтерін атқарды. Отағасы екеуміз 2 қыз, 2 ұлды тәрбиелеп өсірдік. Екі қызым мен келінім өзімнің жолымды жалғастырып, мұғалімдік қызметке келді. Үшеуі де орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Қызым Қаршыға – №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, келінім Лиза – №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің мұғалімі. Екінші қызым Гүлнар қазіргі уақытта ТОО СТ «КАМ» БК мекемесінде аудармашы қызметін атқарады. Ұлдарым Бүркіт пен Талғат ірі мұнай компанияларында инженер-механик, оператор ретінде қызмет етеді. Қолымдағы келінім Жанар үйдің жанынан дүкен ашып, сауда-саттықпен айналысып отыр. Балаларымнан тараған ұрпақтарымыздың да арасында жоғары білімді жандар бар, – деді Ұлбике Сұлтанқызы.
Осыдан 30 жыл бұрын зейнет демалысына шыққан өз ісінің білгірі осы уақытқа дейін білім ошағымен байланысын үзген емес. Бүгінде мәуелі бәйтерекке айналған әулет үлкендерінің отау құрғандарына биыл 60 жыл толып отыр.
Балтабай ОРДАБЕКОВ











