Ұлағатты ұстаздар зейнет демалысына шықты

Ең алдымен, №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде ұзақ жылдар бойы халық баласын оқытуға айрықша үлес қосқан ұлағатты ұстаз, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Роза Есбаева, білім ошағына қарасты «Балапан» шағын орталығының жұмысын ұтымды үйлестіре білген білікті маман Гүлсім Құлымбетова, білім саласында қажырлы еңбек еткен Ұмытшақ Ахметова мен Гүлнар Алтынбаева мәртебелі сахна төрінен орын алды. Олардың өмір жолы көпшілікке таныстырылып, педагогика саласындағы елеулі еңбектері саралана түсті.
Ал №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдегі кеште қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Маржан Қалқоразова мен география пәнінің мұғалімі Светлана Құрамысованы әріптестері құрметпен зейнет демалысына шығарып салды. Қашанда шәкіртіне сапалы білім бере білген ардақты жандар ағартушылық саланың дамуына барын салғаны мәлім.
– Біз бір күнде қос білім ошағында ерекше тебіреніске толы кешке куә болдық. Әрқашан білім сапасын арттыруда аянбаған мерей той иелерінің қуанышымен шын жүректен құттықтаймын! Алдынан талай шәкірт шыққан ғибраты мол жандарға құрметіміз ерекше. Ізінен ерген жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, әрқайсысы көрегенділік таныта білді. Кеш барысында олардың кез келген шәкірті жылы естелігін жеткізгенде төбеміз көкке жетті. Ауданның білім саласында тәжірибелі, көргені мол жандар қызмет еткеніне бек қуаныштымыз. Әрқашан біз олармен мақтанамыз. Өз кезегінде бейнеттің зейнетін көріп, бақытты ғұмыр кеше берсін, – деді аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар.

Б.ҚАРАМАНТЕГІ