Қоғамдық тәртіп жауапкершілік жүктейді
Қоғамдық тәртіпті сақтауда құқық қорғау саласы мамандарына жүктелетін міндет ауқымды. Күні-түні өзіне жүктелген қызметті мүлтіксіз атқаруға тырысатын тәртіп сақшылары қылмыс пен ұсақ құқық бұзушылықтың алдын алуға атсалысып келеді. Жақында аудан әкімдігінде құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесіне байланысты арнайы жиын өтті. Оған аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудан прокуроры Абай Әлімбаев, бөлім басшылары мен ауыл әкімдері, құқық қорғау қызметкерлері қатысты.Өз кезегінде аудан басшысы Берік Әбдіғаппарұлы сөз сөйлеп, қоғамдық тәртіптің сақталуына жауапты әрбір маманның жұмысына тоқталды.
– Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамда қауіпсіздік пен әділдікті қамтамасыз ететін негізгі құқықтық принцип екені атап өтілді. Заң үстемдігіне негізделген тәртіп бойынша қоғамдағы барлық әрекет пен шешім заңға сүйеніп жүзеге асырылады, – деді аудан әкімі.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алуда белгіленген нормалар мен заң талаптарын орындау – міндет. Қоғамда заң талаптары сақталған жағдайда ғана тыныштық пен тәртіп орнайтыны белгілі. Бүгінде елімізде заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы іске асыру бойынша іс-қимыл жоспары бекітілген. Оның мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу мен халыққа қызмет көрсетуге басымдық бере отырып, мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметінің сервистік моделінің тиімділігін арттыру.
Аталған іс-қимыл жоспары аясында «Қылмыссыз өңір – кемел келешек кепілі» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл бастама құқық бұзушылықтың азаюына, жастар тәрбиесі мен қоғамдық тұрақтылықтың нығаюына оң әсерін тигізуде. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде аудандағы мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері тынымсыз еңбек етіп келеді, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
«Қылмыссыз өңір – кемел келешек кепілі» жобасы бойынша аудан прокуроры Абай Әлімбаев сөз сөйлеп, облыстық прокуратурамен бірлесіп қылмыстың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, ауданда алкогольден бас тартқан елді мекендерде қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендеген. Осыған орай, бірқатар мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлері «Алғыс хатпен» марапатталды.
Іс-шара қорытындысында аудан әкімі мемлекетіміздің заңдарын сақтау мен қоғамдық тәртіпті нығайту баршамызға ортақ міндет екенін атап өтіп, бұл бағытта жергілікті атқарушы билік, құқық қорғау органдары және қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажеттігін жеткізді.
«Тт» ақпарат











