Топ-баннер
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№16 газет

28 ақпан 2026 ж.

№15 газет

24 ақпан 2026 ж.

№14 газет

21 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728 

Монтер

Қоғамға пайда әкелетін мамандықтардың бірі – монтер. Өмір тіршілігінде қаншама пайдалы мамандық болса электромонтер де сондай басты қажеттіліктердің бірі.

Тереңөзектік Алпысбай Нүке 34 жылдан бері аудандық байланыс торабында монтер болып еңбек етеді. Жастайынан техникалық мамандыққа жаны жақын азамат алғашқы маман­дығын аудан орталығындағы кәсіптік училищеден алған. Кең про­фильді машинист мамандығына оқыған Алпысбай Садықұлы түрлі салада еңбек етіп, техникалық маман­дығы бойынша адал еңбек етіп, тұрғындардың алғысын алып жүрген жан.

– Бала кезімнен техникаға, сымдар мен құрылғыларға жақын болдым. Қызығушылығым осы мамандыққа бет бұруыма себеп болды. Электромонтер сыммен жұмыс істейтін маман ғана емес, қауіпсіздік пен дәлдіктің иесі. Біз күн сайын әртүрлі қауіппен бетпе бет келеміз. Сондықтан бұл жұмысқа аса жауапкершілік керек. Сәл ғана қателік қауіпті болады. Негізінен жұмысым арқылы көпшілікке қуаныш әкелетінім сенім береді. Қазіргі кезде әрбір үйдегі интернет желісінің ақаусыз әрі үздіксіз жұмыс істеуіне жауаптымын. Кез келген уақытта ақау орын алғанда оны жөндеуге асығамын, – дейді жауапты маман Алпысбай Садықұлы.

Осы күні бұрынғыдай әрбір елді­мекенде бір монтер жоқ десе болады. Шіркейлі, Ақжарма, Шаған ауылдарында ғана жауапты маман болса, кентте жалғыз монтер Алпысбай Садықұлының жұмысының ауқымы қандай екені белгілі. Әсіресе, қыс мезгілінде жұмыс қауырт болатыны рас. Соңғы бір-екі күндегі ауа-райының қолайсыздығына байланысты тіпті қиындай түсті. Бір минутқа да дамыл таппайтын бүгінгідей кезеңде бай­ланыс жүйелерін жөндеу, ел-ха­лыққа қызмет көрсету кәсіби элек­тромонтердің жауапкершілігін жо­ғарылатады. Өзінің жауапкершілігі, адалдығы оны жұмысын мүлтіксіз атқаруға міндеттейді.

Алғаш мамандығы бойынша жұ­мысқа орналасқан сәтте өзіне тәлім­гер тұтқан аға ұрпақ Қайырбек Маханов, Бұқарбай Жармаханов, Бақыт Маханбетжанов, Ерғали Айма­хановтың қамқорлығына дән риза. Олардан үйренгені көп. Ал қазіргі әріптестерінің қатарында Шіркейлі ауылдық округінің электромонтеры Қадыр Абытов тәжі­рибелі маман жайлы жылы пікір біл­дірді.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 1992 жылы аудандық байланыс торабына жұмысқа орналасқанда Алпысбаймен бірге қабылдандық. Біздің жұмысымыз байланысты қамтамасыз етумен қатар, радиобайланыстың да үздіксіз берілуін қамту болатын. Кәсіби шеберлігін танытып, сымдарды дұрыс жалғау мен электр құрылғыларын қауіпсіз орнату әдістерін бірге мең­гердік. Құралдардың көмегімен ақау­ларды тауып, оның іске қосылуын қамтамасыз еттік. Міне, отыз жылдан астам уақытта саланың жүгін арқалаған әріптесім тұрғындардың алғысын алып, өзінің бай тәжіри­бесімен бөлісуде аянып қалған емес. Әріптесімнің еңбегіне абырой тілеймін, – дейді Қадыр Абытов.

Алпыс жасты еңсерген Алпысбай Садықұлы 7 разрядты кәсіби маман ретінде аудан тұрғындарына өзінің шеберлігімен де танылған. Электр­маши­налардың алуан түрін жөндеуде алдына жан салмайтын маманды тереңөзектіктер жақсы таниды. Олар­дың да шеберге айтар алғысы мол.


Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ

28 ақпан 2026 ж. 21 0