Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№98 газет

23 желтоқсан 2025 ж.

№97 газет

20 желтоқсан 2025 ж.

№96 газет

16 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Табиғат тіршілігіне нәр беретін маман

Табиғат тіршілігіне нәр беретін маман

Су – тіршілік көзі. Су – табиғи ресурс емес, ол өмірдің өзегі, экономиканы дамытатын күш. Бұл салада еңбек ететін мамандардың қатарында гидротехниктердің алатын орны ерекше. Тереңөзектік гидротехник Дастан Байжүнісов жас та болса су саласында тәжірибесі мол маман. Ол жыл қорытындысымен аудан әкімінің «Өрлеу» сыйлығына ие болды. «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай тағайындалған мерейлі марапаттың иесі Дастан Жаңабатырұлы адамзат пен табиғат тіршілігіне нәр беретін суды реттейтін өз мамандығының шебері.

Статистикалық мәліметке сәйкес елімізде жеті мыңдай өзен, елу мыңға жуық көл және он мыңдаған шақы­рымға созылған үш мыңнан аса канал бар. Міне, гидротехниктер аты айтып тұрғандай техникалық бағытта қызмет ететін ең қажетті маман.

Аудандағы №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектебінің түлегі Дастан алғашқы мамандығын И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық тех­никалық колледжінде «Экология және табиғатты қорғау қызметі» мамандығы бойынша білім алады. Кейін жоғары білім алу мақсатында «Болашақ» универ­ситетіне «Құрылыс» мамандығы бойынша оқып, бакалавр дәрежесімен бітіреді. Алғашқы еңбек жолын жиырма жасында «Қазсушар» мекемесінде бастаған жас маман «Сырдариясушар» өндірістік учаскесінде гидротехник болып жұмыс істейді. Қызу еңбектің ортасынан табылып, мамандығының қыр-сырын меңгерген соң тәжірибе жинап, аға инженер-гидротехник болады. Осы күні соңғы бес жылдан бері аталған мекеменің Қызылорда филиалына қарасты «Сырдариясушар» өндірістік учаскесінде құрылыс-жөндеу бөлімінің басшысы қызметін атқаруда.

– Мектеп бітірген жылы бола­шағымды теміржол саласымен бай­ланыстыру мақсаты болды. Бі­рақ су мамандығы бойынша оқу бұйыр­ды. Қазір мамандығыма деген қызы­ғушылығым артпаса кеміген жоқ. Негізі­нен техникалық маман­дық­тар нағыз ер азаматтардың қо­лы дер едім. Еліміз бойынша су тапшылығына байланысты қыруар жұмыс атқарылуда. Соның бірі – қолда бар, су шаруашылығына қатысты ны­сандарды күтіп-ұстау, жөндеу жә­не құры­лыс жұмысын ұйым­дастыру негізгі міндетім, – дейді бөлім басшысы Дастан Жаңабатырұлы.

Су саласында тәжірибесін арттырып, жұмыс барысында ұжыммен бірлесіп жауапты шешім қабылдауда қателік жібермеуді міндеті санайтын маман адал еңбектің үлгісін көрсетуде. Оның осы күні жеткен жетістігінің қа­тарындағы мекеме басшылығы мен облыс, аудан әкімдері тарапынан беріл­ген Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты еңбегінің жемісі. Сонымен қатар 2023 жылы «Алтын дән» іс-шарасы аясында «Үздік су маманы» номинациясына ие болды. Ал өткен жылы салалық кәсіподақтың ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталуы еңбек адамының мерейін өсірді.

– Қазір техникалық мамандықтарға деген сұраныс артқандықтан бөлінетін мемлекеттік грант көлемі де ұлғайды. Жас түлектермен өткен кездесулерде үнемі осы мәселені айтамын. Қызығушылығы бар түлектер гид­ро­техниканы таңдаса, ұлан байтақ еліміздегі су мәселесін шешетін мықты мамандар шоғыры қалыптасады. Егін шаруашылығын дамыту үшін әрбір шаруашылықта гидротехник болу керек. Сондықтан осы саланың маманы ретінде мектеп бітіруші түлектерге су мамандығының маңызы туралы түрлі сабақ ұйымдастырып, бір күндік жұмыс барысымен таныстыру жұмысын жүр­гізіп келемін, – дейді жас та болса басшы болып отырған маман.

Дастан Жаңабатырұлы аграрлы аудан­ның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген білікті маман болумен қатар өз отбасының тірегі. Жұбайы Гүлжаухар Өміртайқызы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде қызмет етеді. Қос маман бір біріне қолдау білдіріп, он жылдан бері отбасын құрған үлгілі сырдариялықтар.


Бибісара ЖАНӘЛІ

23 желтоқсан 2025 ж. 54 0