Топ-баннер
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№16 газет

28 ақпан 2026 ж.

№15 газет

24 ақпан 2026 ж.

№14 газет

21 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728 
» » Әке өнегесі – ұрпаққа аманат

Әке өнегесі – ұрпаққа аманат

№131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектебінде «Әке өнегесі – ұрпаққа аманат» тақырыбында оқушылардың әкелерімен кездесуі өтті. Кездесуге білім ошағының директоры Дархан Қожахметов, ұстаздар қатысты.

Ең алдымен танымы бөлек іс-шарада №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектептің директоры Дархан Қожахметов сөз сөйлеп, кез­десуге келге әкелер қауымына алғысын жеткізді.

– Әкенің орны қашанда биік. Қазақта «Әке – асқар тау» деп бекер айтпаған. Асқар тау – отбасының тірегі, қорғаны, бағыт-бағдар берушісі. Дегенмен ер-азамат көбіне түздің адамы болғандықтан, отбасының қамы үшін еңбек етіп, сырттағы жауап­кершілікті көтереді. Сол себепті іс-шараның мақсатына сай жиынға тек әкелер шақырылды. Өйткені бұл кездесу әкенің отбасы мен бала тәрбиесіндегі рөлін айқындауға, оның жауапкершілігін арттыруға және ұрпақ алдындағы міндетін терең түсіндіруге бағытталды. Негізінен, іс-шараның басты мақсаты – әкенің отбасы мен қоғамдағы рөлін дәріптеу, бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру және мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастықты нығайту екені анық. Айта кетейік, 2 «а» сынып жетекшісі Махаббат Сайымованың ұйымдастыруымен ерекше кештің куәсі болып отырмыз. Сіздерге уақыт бөліп бала қуанышына ортақтасқандарыңызға алғыс айтамыз, – деді Дархан Сейдалыұлы.

Кездесу барысында әкелер бала тәрбиесіндегі өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұрпаққа берілетін ұлттық құндылықтар, тәртіп, еңбекқорлық пен адамгершілік жайында ой қозғады. Оқушылар әкелеріне арналған жүрекжарды өлеңдерін оқып, ән айтып, алғыс сөздерін жеткізді.

– Отбасының тірегі, асқар тауы болған әкенің орны ерекше. Баланың тәрбиесінде әкенің рөлі орасан зор. Сіздердің ақыл-кеңестеріңіз бен қолдауларыңыз – ұрпақтың бола­шағына берілген ең үлкен сый. Әке – отбасының тірегі, тәртіп пен талаптың иесі, бағыт-бағдар беруші тұлға. Сондықтан мұндай мазмұндағы іс-шараға әкелердің арнайы қатысуы – олардың бала өміріндегі орнын нығайтып, әке мен бала арасындағы байланысты күшейтуге үлкен мүмкіндік береді. Мектебіміз үшін ата-анамен, соның ішінде әкелермен тығыз байланыста жұмыс істеу – басты құндылықтардың бірі. Бүгінгі іс-шара – балалардың Сіздерге деген құрметі мен алғысының белгісі, – деді Махаббат Сайымова.
Кеш қонақтары оқушылардың әсем әні мен мың бұралған билерін тамашалады. Сонымен қатар қоғамда болып жатқан отбасы құндылығына байланысты әкелер өз ойларын ортаға салды. Тағылымы мол іс-шарада «Әке жүрегі – мейірім мекені» тақырыбында коллаж байқауында оқушылар өз әкелері туралы жылы лебіздерін жазып, отбасылық суреттерін безендіріп, шығармашылық жұмыстарын ұсынды.

Байқау нәтижесінде, бас жүлдені Керейтбаевтар отбасы, І орынды Махановтар отбасы, ІІ орынды Жеңісбековтер отбасы мен Жүнісовтер отбасы иеленсе, ІІІ орынды Дәуітбаевтар мен Берікболовтар отбасы қанжығасына байлады. Барлық жеңімпаз, жүлдегер, қатысушыға арнайы «Диплом» мен «Алғыс хат», бағалы сыйлық берілді. Бұл сәт әкелер үшін де, балалар үшін де ерекше әсерлі болды. Балалардың әкелеріне деген сүйіспеншілігі мен мақтанышы көрініс тауып, іс-шараның тәрбиелік мәні арта түсті.

Өз кезегінде аталған сыныптың оқушысы Ерасыл Әбсадықұлының әкесі Әбсадық Маханов асқар тау мен бала арасындағы берік байланыс тәрбиенің қайнар көзі екенін жеткізді. Сонымен қатар сыныптағы оқушылардың әкелерімен бала тәрбиесіне қатысты ортақ пікір алмасу мақсатында арнайы «WhatsApp» әлеуметтік желісінен топ ашылғанын айтты.

Ақтоты ТЕМІРХАНҚЫЗЫ
28 ақпан 2026 ж. 19 0