Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әкенің берген тәрбиесі тот баспайды

Әкенің берген тәрбиесі тот баспайды

Өткен аптада №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектебінде «Әкенің төріне сенбе, еткен еңбегіне сен» тақырыбында тағылымы мол дөңгелек үстел өткізілді. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын басқосуға аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Бейбіт Смайлов, білім ошағы жанынан құрылған «Қамқоршылық» кеңесінің төрағасы Жарбол Ешмаханов, орта мектеп директоры Айнұр Әлиева, бірнеше әке қатысты.

Бүгінде отбасындағы әкенің рөлін күшейту, ата-ана мен баланың арасындағы байланыс­ты жан-жақты нығайту мақсатында мектеп қабырғасында ізгілікті көптеген іс-шара жүзеге асып келеді. Өз кезегінде мән-мағынасы зор кездесудің шымылдығы мектеп оқушылары дайындаған арнайы көрініспен түрілді. Көрініс­те әкенің қадірін арттырып, мәртебесін биіктету тақырыпқа арқау болды. №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектеп директоры Айнұр Әлиева сөз алып, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін көпшілікке айтып өтті.

– Мектеп қабырғасында оқитын кез келген оқушының тәртібі мен оқу үлгеріміне аса мән береміз. Өскелең ұрпақтың жақсы азамат болып қалыптасуына әкенің берген тәлімі маңызды рөл ойнайды. Сондықтан жылына бір мәрте әкелердің басын қосып, өзара пікірлесуді жөн көрдік. Осы күні ата-аналардың белсенділігі жоғары екені қуантады. Күнделікті баламен сырласып, сабағын қадағалап, жүріс-тұрысын бақылап, білмегенін үйреткен абзал. Әрине «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген тәмсілді берік ұстанамыз. Кез келген ата-ана ұстазбен тығыз қарым-қатынас орнатып, оқушының тұлғалық дамуына барынша жұмыс жасауы керек, – деді Айнұр Тоқшылыққызы.

Кездесуде №131 Талғат Қозыбаев атын­дағы орта мектеп педагог-психологы Баян Махашева әкелердің қатысуымен семинар-тренинг өткізіп, әке мен бала арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосты. Сонымен қатар «Қамқоршылық» кеңесінің төрағасы Жарбол Ешмаханов аталған басқосудың мән-мағынасын аша түсетін бірнеше мәселені ортаға салды.

– Қазіргі уақытта баланың тәртібін реттеуде кемшін түсіп жатқан бірнеше мәселе бар. Мектеп жасынан баланы еңбекке баулу керектігін үлкендеріміз ертеректе айтып кеткені белгілі. Отбасындағы атмосфера баланың адами болмысын аша түседі. Сондықтан кейбір дүниені баладан қатаң түрде шектеу керек. Кезінде әкенің қас-қабағынан тайсалатын едік. Осы күні ата-анасына жекіріп сөйлейтін, ақылын тыңдамайтын, кез келген дүниенің байыбына бара бермейтін жастар өсіп келеді. Шын мәнінде, арамызда қаншама үлгілі отбасы жеткілікті. Біз қашанда болашағымызды алыстан бағамдаймыз десек, баламыздың тәрбиесіне немқұрайлы қарамағанымыз жөн, – деді Жарбол Ешмаханов.

Келелі басқосуда мектеп оқушылары мен жас әнші Ерхан Тимурұлы патриоттық ән шырқады. Жиынға қатысушы әкелер логикалық сұрақ­қа жауап беріп, перзентіне қатысты сан түрлі мінездеме берді. Сонымен қатар бос уақытын әкесімен қызықты әрі тиімді өткізген оқушылардың бейнекөрінісі көрсетілді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
23 қаңтар 2024 ж. 312 0