Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әке әркімге қымбат

Әке әркімге қымбат

Елімізде мерекелер тізбесі былтыр жаңа атаулы күнмен толықты. Маусым айының үшінші жексенбісі Әкелер күні ретінде бекітілді. Отбасы институтын нығайтуға ықпал ететін атаулы күн биыл елімізде екінші рет тойлануда.

Бұл мереке алғаш рет 1929 жылы АҚШ-та тойланған екен. Мерекенің ұйымдастырушысы Миссис Доддтан өзінің әкесі мен бала тәрбиелеп жүрген барлық әкені жоғары бағалайтынын білдіргісі келген. Осылайша Әкелер күні мерекесі қалыптасқан.

Иә, әкенің отбасындағы, бала өмірін­дегі орны ерек. «Әкенің мейірімі жездедей-ақ» деп жатады қазақ қоға­мында. Десек те, отбасының тірегі болған әкелердің орны қашан да бөлек, зор құрметке ие. Әсіресе, қазақ отбасында осылай.

– Мамыр айында Аналар күні мерекесі бар, енді маусым айында қа­зақ­стан­дықтар Әкелер күнін тойлайды. Бұл өте дұрыс шешім болды. Тәрбиенің бастауы, отбасының тірегі әкелердің қай күні де мерекеге лайық. Себебі адамда әке де, ана да – жалғыз. Баласы үшін шын жанашыр жанұяның негізгі тіректерінің бала үшін орны бөлек. «Отан отбасынан басталады» деген нақыл сөздің мәні тереңде жатса керек. Мемлекет басшысы болса «Берекелі әрі бақытты отбасы – қуатты елдің тірегі» деген болатын. Әке – отбасының асыраушысы, басты тірегі, қамқоршысы. Бұл күн асқар тау әкелерді ардақтайтын, отбасы құндылықтарын ұлықтайтын ұлағатты мерекеге айналып келеді, – деп пікір білдіреді ардақты ардагер Әсия Масилова.

Әке әркімге қымбат, әркімнің сүйе­нер тіреуі. «Әке көрген оқ жонар», «Әкеге қарап ұл өсер» деп халық даналығы отбасы тірегінің рөлін жоғары қояды. Асыл дінімізде де ер адамның, әкенің орны айқын. Табиғатта кез келген жаратылыстың тамыры, діңгегі болатыны белгілі. Ал отбасында бұл міндетті атқаратын – әке институты. Ол – шаңырақтың тірегі ғана емес, қамқоршысы, асыраушысы, тәрбиешісі. «Әке самайындағы шашты аңғармаған бала өз маңдайындағы бақты бағалай алмайды» дейді халқымыз. Осыдан-ақ әкеге деген құрметтің қандай болуы қажет екенін аңғарамыз.

Қазақ отбасындағы әкенің орны – төрде. Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиетті байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесіне, тегіне балайды. «Әкесі осындай, атасы жақсы адам еді» деп ер адамның тәрбиесін алдымен сөзге тірек етеді. Өйткені әкенің балаға қалдырар ең үлкен мұрасы – жақсы тәрбие.

Бала әкенің қадірін түсініп, әр сөзін хатқа түскендей қадірлеп, ақ батасын алуға тырысуы керек. Бұл тұста «Әке сөзі – оқ» деп және түйеді халқымыз ер-азаматтың қадірін арттыра. Перзент қандай биік белесті бағындырса да – жарық дүние сыйлаған ата-ананың жемісі, сондықтан қаншалық атақ-даңққа жеткен адам әке-ананың алдында соншалық кішіпейіл болуы міндетті. Қос бұлақ – әке мен ана баланың шын тілеушілері екені хақ. Ал ата-ананың бала үшін дұғасы әркез қабыл.

«Әкеңнен ұят болады», «әкең келе жатыр», «әкеңнен сұрайық» деген тіркестер – қазақ отбасындағы тәрбиенің негізі. Осылайша әке­нің қадірі, қасиетін арттырып, құрмет­тейді. Қазақтың «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бір ауыз сөзінде өмірлік тәрбие қамтылғандай.

Мереке қарсаңында ауданда түрлі тәрбиелік іс-шаралар жалғасын табуда. Әкеге, анаға, отбасыға құрметті дәріп­тейтін, тәрбиелік ма­ңы­­зы зор іс-шаралар жыл бойына ұйым­дас­тырылады. Соның ішінде түрлі руха­ни кездесулер, сайыстар, жиындар мен ардагерлер кеңесі, Әкелер мектебі, билік кеңесі жұмысын атап өтуге болады.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: el.kz
15 маусым 2024 ж. 178 0