Алтын қолды сауыншылар
ҚР Үкіметі қазіргі уақытта мал шаруашылығындағы бизнесті қолдау мақсатында жоспар жасауда. Мал шаруашылығын ауылдық жерде дамытудың мемлекеттік саясаттағы негізгі қағидаттарының бірі екені белгілі. Осы күні қай ауылға барсаңыз да төрт түлігін төлдеткен ағайынның жасаған жұмысына тәнті боласыз. Айдарлы ауылына сапарымыз аясында 30 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан Ералхан Жармаханов пен Айгүл Камрадинованың шаңырағында болдық. Ерлі-зайыпты үй-жайының алдында шағын мал қора соғып, шаруашылықты кеңейту мақсатында тынбай еңбек етуде.Сауыншылық кәсіптің қыр-сырына қаныққан Айгүл Самдинқызы үй шаруасымен айналысып, ағарғанмен күнкөріс қамын жасап келеді. Күнделікті сүттен айран, қатық, құрт, ірімшік дайындайды. Айдарлы ауылында дүниеге келіп, жерлесіне тұрмысқа шыққан келіншек пысық қасиетімен даралана білген. Әрине, әркез бейнеттен қашпайтын, таңертеңнен жылқы мен сиырды сауып, ата кәсіптің жандануына үлес қосып жүрген аяулы ана биыл 51 жасқа келді. Төрт перзентін ер азаматымен бірге өсіріп-жеткізіп, тағылымды тәрбие бере білді.
– Біздің үйден ағарған арылған емес. Жолдасым мал шаруашылығымен айналысып, төрт түлік – ел ырысы екенін барлық жағынан аңғартып келеді. Ауылдық жерде сауыншылықты кәсіп еткен қыз-келіншектердің қатарындамын. Қолда барды үлгертіп, кәдеге жарату – басты мақсатымыз. Мал бағудың өзіндік машақатын сезініп, бейнетке бір табан жақын болып келеміз. Мұның барлығы үлкен еңбекпен келеді. Күніне сиырды екі мезгіл сауып, ағарған өнімін дайындауға барымызды саламыз. Үй шаруасында отырған әрбір қыз-келіншек ер азаматы кіргізген табысты барынша жеткізіп, ұқсатқаны жақсы, – дейді Айгүл Самдинқызы.
Өз кезегінде мал шаруашылығына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз пікірін білдірген болатын.
«Жолдауда мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Мақсат – мал басын еселеу. Сол арқылы Қазақстанның халықаралық нарыққа ет жеткізуші ірі ел ретіндегі мәртебесін бекіте аламыз. Бұл мұратқа жету үшін мал шаруашылығын дамытуға оңтайлы жағдай жасау қажет. Ет бағытындағы мал шаруашылығының жүйелі өндірістік циклін енгізу жұмыстарын жалғастырған жөн. Жайылымдық жерлерді тиімді әрі ауыстырып пайдалану тәсіліне баса мән берген дұрыс», – деді Мемлекет басшысы.
Ауылды аралап жүріп, әкімшіліктің маманы Ерасыл Есенкелдіұлы «Алтын алқалы» 7 баланың анасы Мереке Аяповамен жолықтырды. Отыз алты жастағы жас келіншектің де негізгі кәсібі – сауыншылық. Тіпті күніне ол екі мезгіл 15 бас сиыр сауып, ауылдастарын сүтпен қамтамасыз етеді. Қоғалыкөл ауылының тумасы осыдан 16 жыл бұрын Айдарлыдағы Бегалы ақсақалдың шаңырағына келін болып түскен. Осы күні жолдасы Ербол Бегалиевпен бірге фазенда ашып, мал шаруашылығына ден қойған.
– Өзім ауылда қоғамдық негізде әкімшілікте жұмыс жасаймын. Бір жағынан мал бағып, төл басын көбейтуге күш салып келеміз. Расында, ауылдық жерде сүт өнімдеріне сұраныс жоғары. Қолымнан келетін кәсіпті игеріп, жергілікті халыққа қолдан жасалған табиғи өнімді ұсынамын. Сауыншылықтың өзіндік ауыртпалығы бар. Жылдың үш мезгілінде қиындық көрмейміз. Тек қытымыр қыста аяздың екпініне шыдас беруге тура келеді. Балаларымыз есейіп, жолдасыма қолғабыс етеді. Қай кезде де береке кіргізіп отырған кәсіптен ажырағымыз келмейді, – дейді Мереке Аяпова.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ











