Жаңа форматтағы ток-шоу
Талқылау, бір мәселе жөнінде тұжырым жасау, ой елегінен өткізу, үлкен мен кіші арасындағы айқын диологты орнату – өзгеше форматтағы «Замандастар» ток-шоуының құрылымында көрініс тапты. Аудандық орталық кітапхана ұжымының жаңа жобасы алғашқы шығарылымынан бастап көпішіліктің оң бағасын алуда.«Жастардың құндылықтары: кеше, бүгін, ертең» тақырыбында жүзеге асқан ток-шоудың алғашқы қонағы ретінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудармашы Бақтияр Мырзаш, ардақты ардагер Мектепхан Елеусінов, «АМАNAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ақтөре Ибрагимұлы, «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Аружан Мұханбетқали, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Есентұрқызы, білім саласының мамандары Алмас Сейітов, Жұлдызай Аншаева, Арайлым Жақсылыққызы, №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектептің кітапханашысы Индира Усманова және жастар қатысты.
Аудандық кітапхананың «Оқырмандарға қызмет көрсету» бөлімінің меңгерушісі Гүлдана Әбенова «Замандастар» ток-шоуының тізгінін ұстады. Иә, заманның өз адамы, өмір сүру дағдысы болады. Тақырып бойынша ойын білдірген өткен ғасырдың жастары Бақтияр Мырзаш пен Мектепхан Елеусінов өз ойын ортаға салды. Құндылық тұрғысынан алғанда қазыналы қос қарияның жастық кезеңі – келер ұрпаққа өнеге.
– Өткен мен бүгінді салыстыру, болашаққа болжам жасау – заңды құбылыс. Қай дәуірдің адамы болсын біздің кезімізде деп сөз бастауы – тегіннен-тегін емес. Ол – өз заманында орын алған кез келген дүниенің куәгері. Әрине, өміріме жан-жақты саралау жасасам, қазіргі жастардікімен салыстыруға келмейді. Біз уақыттың құзіретіндеміз. Адамның, қоғамның, өмір дағдысының өзгергенін уақыт дәлелдеп беруде. Осындай оқырманға берері мол ток-шоуды қолға алған кітапхана ұжымы кітапсүйер жандарды жаңаша ойлауға, бір орнында тоқтап қалмауға мүмкіндік туғызып отыр, – деді Бақтияр Мырзаш.
Жақында 75 жылдық белесті бағындырып отырған аудармашы, қаламгер тарапынан айтылған ой-пікірдің барлығы орынды. Адами құндылықтың өзгеріске ұшырауы – әлемде халықтың бір-бірімен біте қайнасып араласуында, өзара ықпалдастықпен әрекет етуінде жатыр.
Тоғызқұмалақ пен шахматтан республика көлемінде жеңімпаз атанып жүрген Мектепхан Елеусінов жастар арасында ұлттық құндылық кеңінен дәріптелу керектігін айтты.
– Бүгінгі ток-шоу тақырыбының мазмұны терең. Біз бұл мәселе жөнінде сан жылдар бойы талқылау жүргізіп келеміз. Заман өзгеріп ғана қоймайды, адамды түбегейлі басқа бағытқа бұрып отырады. Десек те, біз ұлттың тілін, дінін, ділін жоғалтпауымыз керек. Бұл үш тағанға салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз қосылады. Әрқайсысының өзегінде қазақылық қасиет көрініс табады. Ал жастар өз заманында тұлға атана отырып, жаңалық ашуға бейім болады. Оларға біз сүрген өмірді қайтала деп айта алмаймыз. Заманның ағымына қарай құндылық, тұрмыс секілді кез келген өзгеріске ұшырайтынын ұмытпаған абзал, – деді ардақты ардагер.
Ток-шоудың төрінен орын алған әрбір қонақ өз пікірін білдіріп, үлкендер сөзін қуаттап отырды. Ұстаздар қауымы педагогикалық тұрғыдан тәжірибелерімен бөлісті.
«Өмірімді өзгерткен кітап». Бұл – ток-шоудың екінші бөлігінің тақырыбы. Мұнда ақын Ақтөре Ибрагимұлы кітап оқудың мән-мағынасын аша отырып, көп ізденіс өзінді ғана емес, айналаны өзгертуге септігін тигізетінін жеткізді. Қырық мыңға жуық халыққа ақпарат таратумен айналысатын аудандық басылымның бас редакторы Аружан Мұханбетқали Санжар Керімбайдың «Бейсен және болмыс» кітабының өз өміріне ерекше әсер еткенін айтып өтті. Ол – Санжар Керімбайдың бұл еңбегін рухани серігіне айналдырып, кітапты әрдайым жанынан тастамайтынын жеткізді.
– Жақында білікті басшы Рүстем Бәйділдаев жетекшілік ететін аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен халықаралық кітап сыйлау күніне байланысты өткен іс-шараға қатысқан едік. Енді бүгін жаңа форматтағы ток-шоудың қонағы болып отырмыз. Бүгінгі көтерілген қос мәселе өз өзектілігін жоймайды. Қайта түрленіп, жанданып қоғамда талқылана береді. Жобаның өміршең болуына тілектестік білдіремін. Оқырманнның олжасына айналып, тың тақырыптағы көптеген дүние шығуына тілекшіміз, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.
Ток-шоуда аға буын өкілдері қазақ ақындарының өлеңдерін оқыды. Кітапханашылардың ұйымдастыруымен қаламгерлердің көлемді шығармаларының үзіндісін тапты.
– Кітапхана жұмысы күнделікті ойлы оқырманмен тікелей байланысты. Басшылық тарапынан бізге қашанда оқырманды кітапханаға тартуға, кітап оқуға бағыттайтын тың дүниені ойлап табу жүктеледі. Бүгінде «Оқырмандарға қызмет көрсету» бөлімінің ұжымы 3-4 айдың көлемінде жастармен толықты. Алдағы уақытта жаңашылдыққа иек артып, ғибратты, танымы бөлек, тағылымы мол іс-шара легін өткізуге иек артамыз. «Замандастар» ток-шоуында алдағы уақытта қоғам өміріндегі түйткілді мәселелерді қозғайтын боламыз, – деді «Оқырмандарға қызмет көрсету» бөлімінің меңгерушісі Гүлдана Әбенова.
Ток-шоу соңында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Ақтоты Ертілеуова бірсәттік сергіту ойынын өткізді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ









