«Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы тағайындалды
Сырдария ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен актив жиыны өтті. Кадрлық өзгеріске байланысты ұйымдастырылған жиынға "Сыр медиа" ЖШС бас директоры Марат Аралбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, бөлім басшылары, аудандық "Тіршілік тынысы" газетінің ұжымы мен сала ардагерлері қатысты.
Актив отырысында аудан басшысы Берік Әбдіғаппарұлы мен "Сыр медиа" ЖШС бас директоры Марат Жайылханұлы 2019 жылдан бастап аудандық газет редакциясын абыроймен басқарып, бүгінде "AMANAT" партиясының аудандық филиалының Атқарушы хатшысы қызметіне ауысқан Ақтөре Ибрагимұлына Алғыс хат табыстады.
Жиында аудан басшысы Сырдария аудандық "Тіршілік тынысы" газетінің бас редакторы қызметіне журналист Аружан Мұханбетқалидың тағайындалғанын айтып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Жаңадан тағайындалған аудандық газеттің бас редакторын "Сыр медиа" ЖШС директоры Марат Аралбаев таныстырды.
Айта кетейік, Аружан Мұханбетқалиқызы 1997 жылы Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде туған. 2015-2020 жылдары Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде білім алған. 2020-2022 жылдары Қызылорда қаласы, Қорқыт ата университетінде жоғарғы білімнен кейінгі бөлімде білімін жалғастырып, "Гуманитарлық ғылымдар магистрі" атағын алған. Журналистика саласында облыс, республика көлемінде ауқымды жетістіктерге жетіп жүрген жас журналист өзінің еңбек жолын республикалық "Қазақ" газетінен бастаған. 2021 жылдан бастап Сырдария аудандық "Тіршілік тынысы" газетінің тілшісі, 2023 жылдың қараша айынан аудандық газет бас редакторының орынбасары қызметін атқарған. 2024 жылдан бастап Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Сондай-ақ актив отырысында "Тіршілік тынысы" газеті бас редакторының орынбасарына журналист Балтабай Аябекұлы тағайындалып, аудан әкімі редакция ұжымына табыс тіледі.
Жиын соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, халықаралық "Қазақ тілі" қоғамдық бірлестігінің аудандық филиал төрағасы Ш.Нұрсейіт, редакцияның бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы М.Қалмұратұлы тілектестігін білдірді.