Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақын Ақтөре Ибрагимұлы «ТҰРАН» сыйлығымен марапатталды

Ақын Ақтөре Ибрагимұлы «ТҰРАН» сыйлығымен марапатталды

Ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, бірнеше жыр жинағы мен тарихи-танымдық кітаптардың авторы Ақтөре Ибрагимұлы Қызылорда облысы әкімінің «Тұран» сыйлығымен және 500 000 теңгелік қаржылай сыйақымен марапатталды. Мерейлі марапатты облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев «Өнер» орталығында өткен салтанатты іс-шарада табыстады.

Ақтөре Ибрагимұлы 1993 жылғы 31 мамырда Қызылорда облысы Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде дүниеге келген. 2000 жылы аудан орталығындағы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің табалдырығын аттап, 2011 жылы қызыл дипломға бітірген. «Болашақ» университетінде «Журналистика» мамандығы бойынша жоғары білім алған.

Еңбек жолын 2011 жылы республикалық «Қазақстан жолы» газетінде тілші болып бастаған ол аға тілші, жауапты хатшы қызметтерін атқарып, 2014-2017 жылдары «Сыр медиа» ЖШС Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінде оператор, тілші болып жұмыс істеген. 2017-2019 жылдары «Сырдария ауданы әкімі аппараты» әдіскері, аудан әкімі аппаратының аударма жөніндегі редакторы, аудан әкімінің көмекшісі – баспасөз хатшысы қызметін атқарған. 2019-2024 жылдары «Сыр медиа» ЖШС Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің Бас редакторы ретінде аудандық газеттің жұмысына басшылық жасаған. 2024 жылдың 23 қазанынан бастап бүгінгі күнге дейін «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы қызметін атқаруда.

Ақтөре Ибрагимұлы Сырдария аудандық мәслихатының VII, VIІІ шақырылым депутаты. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық, облыстық жазба ақындар мүшәйраларының бірнеше мәрте бас жүлдесін иеленіп, шығармалар байқауының жеңімпазы атанған. «Жүректен жүрекке», «Жүректегі жазулар» жыр жинағының авторы. Сондай-ақ «Болмысы бөлек тұлға», «Абырой биігіндегі азамат», «Әжелер ән салады, жұртшылық тамсанады», «Ел ағасы – Хайролла», «Сырдария» кітаптарының да авторы. Өлеңдері мен мақалалары сырбойылық ақындардың топтамалық өлеңдер жинағына енген және «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Сыр бойы», «Халық», «Ақмешіт жастары», «Ақмешіт апталығы», «Тіршілік тынысы» секілді басылымдарда тұрақты жарияланып келеді.

А.Ибрагимұлы Сыр өңірінің, оның ішінде Сырдария ауданының рухани-мәдени дамуына өз үлесін қосып, республикалық және облыстық ғылыми-танымдық конференцияларды, еске алу іс-шараларын жүргізіп, ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып келеді. Ол сондай-ақ «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі және аудандық мәслихаттың депутаты ретінде өнер мен мәдениет саласын дамытуға өз үлесін қосуда. Сонымен қатар оқушылар арасында ұйымдастырылып жатқан «Кітап оқы да, тұлға бол!», «Кітап оқы да, кемелден!» жобаларының идея авторларының бірі.

Шығармашылық ізденіс жолындағы еңбегі еленіп, мерейлі марапатпен марапатталып жатқан ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, бірнеше жыр жинағы мен тарихи-танымдық кітаптардың авторы Ақтөре Ибрагимұлын шын жүректен құттықтаймыз.
22 мамыр 2025 ж. 77 0