Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сыр сүлейін ұлықтады

Сыр сүлейін ұлықтады

«Бұлақ көрсең көзін аш» деген аталы сөзді Сыр елі ұранына айналдырғалы қашан. Осы сөздің айғағы ретінде Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Аманкелді ауылдық округінің қолдауымен, ауылдың мәдениет үйінде КСРО Жазушылар Одағының мүшесі, халық ақыны Қуаныш Баймағанбетовтың туғанына 125 жыл толуына орай, «Сұлу сырдың сүлейі» атты онлайн жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды.

Жыр мүшәйрасына облыстық «Сыр бойы» газетінің аға тілшісі, Қазақстан Ж азушылар және Ж урналистер Одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі Д.Аяшұлы, ақын, ҚР Журналисттер Одағының мүшесі, Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы А.Ибрагимұлы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Е.Утебаевтар қазылық етті.

Облыс көлемінде өткен мүшәйрада 15 талапкер бақ сынады. Нәтижесінде, бас жүлдені шиелілік Талғат Күзембаев, 1- орынды сырдариялық Гүлзат Оразова, 2-орынды қазалылық Қуаныш Мұхашев, 3-орынды жаңақорғандық Наржан Бижан қанжығалады. Жеңімпаздар дипломдар мен қаржылай сыйлықтарға ие болса, қалған қатысушылар алғыс хат иеленді.

Шараны ұйымдастыру барысында ақын Қуаныш Баймағанбетов атындағы мектеп-лицей ұжымы демеушілік жасады. Бұл мектеп ұжымының өнерге деген құрметінің белгісі екені анық.

Карантиндік талаптарға байланысты онлайн түрде өткен жыр мүшәйрасы өнерлі жастардың қабілетінің бойында бұғып қалмай, жарыққа шығуына сеп болғаны анық. Сонымен қатар Сырдың, жырдың елінде біршама өнерлі жастардың бой түзеп келе жатқандығына тағы бір куә болдық. Осы орайда жас талапкерлердің қашанда қаламы қарышты болсын демекпіз.

Жұлдызай АНШАЕВА
06 желтоқсан 2020 ж. 441 0