Топ-баннер
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кассациялық соттарды құру заман талабы

Кассациялық соттарды құру заман талабы

Қазақстанның құқықтық жүйесі соңғы жылдары бірқатар маңызды өзгерістер мен реформаларды бастан өткеруде, солардың бірі – кассациялық соттардың құрылуы.

Кассациялық сот 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап, Астана қаласында үш бағытта, яғни қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді толық қарауда.

Кассациялық сот институтының дамуы, біріншіден, сот тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз етуге, екіншіден құқықтық дауларды шешуде әділдік пен бейтараптықты нығайтуға, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға бағытталған.

Кассациялық сот төменгі органдар шығарған сот шешімдерін қадағалайтын және түзететін сот жүйесінің бір түрі. Істерді кассациялық сатыдағы сотта қарау белгілі бір негіздер бойынша ғана мүмкін болады.

Сонымен қатар, бұл өзгеріс сот төрелігінің сапасын арттырып, сот тәжірибесін жүйелеуді, яғни төменгі сатыдағы соттардың шешім қабылдау кезінде сот төрелігінің бірыңғай жетілген моделін ұстануды, құқық жүйесін тұрақтандыруды қамтамасыз етеді.

Кассациялық сотқа жүгіну үшін: даулайтын іс апелляциялық сатыда қаралуы, шағым заңда көзделген мерзім ішінде берілуі және шағымда заңсыз деп танылатын шешімдегі құқық бұзушылықтар негіз болуы тиіс. Кассациялық сатыда істерді қарау мерзімі ұзартылған, бірақ түскен істер алты айдан аспайтын мерзімде қаралады.

Сондай-ақ бірыңғай кассациялық тәртіп бойынша, заңды күшіне енген сот актілері алдын ала қараусыз үш судьядан тұратын алқаға бірден түседі.

Кассациялық соттарды құру – сот жүйесін жетілдіруге, сот төрелігінің тиімділігі мен сапасын арттыруға, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен заңды тұлғалардың мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Меңдігүл АСАН, 
Сырдария аудандық соты
әкімшісінің бас маманы
19 ақпан 2026 ж. 38 0