Кассациялық сот құру – маңызды бастама
Қазақстанның құқықтық жүйесі соңғы жылдары бірқатар маңызды өзгерістер мен реформаларды бастан өткеруде, солардың бірі – кассациялық соттардың құрылуы. Кассациялық сот ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап Астана қаласында құрылып республикалық деңгейде жұмыс істей бастады.Кассациялық сот үш бағытта, яғни қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді толық қарайды. Кассациялық сотта істерді қарау мерзімі 6 айдан аспайды.
Кассациялық сот – бұл бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар қабылдаған күшіне енген сот актілерінің заңдылығы мен дұрыстығын тексеретін Жоғарғы сот сатысы. Ол істі мәні бойынша қайта қарастырмайды, бірақ материалдық және іс жүргізу құқығының нормаларын қолданудың дұрыстығына назар аударады.
Қоғамда сот билігіне деген сенім – мемлекет тұрақтылығының кепілі. Егер азамат заңды қорғау мен әділдікті таба алмайтын болса, оның мемлекетке деген сенімі де азаяды. Сол себепті кассациялық соттың басты міндеті – төменгі сатыдағы соттардың шешімдеріне әділ құқықтық баға беріп, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру. Бұл – шын мәнінде сот жүйесінің тазалығы мен ашықтығының көрсеткіші.
Жүргізілетін реформа сот жүйесіне ғана емес, мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеді деп сенеміз.
Олжас ДҮЙСЕНОВ,
Сырдария аудандық соты
әкімшісінің бас маман-аға
сот приставы










