Қазақстанда жаңа кассациялық соттар құрылады

Кассациялық сот ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап Астана қаласында құрылып республикалық деңгейде жұмыс істейтін болады.
Кассациялық сот үш бағытта, яғни қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді толық қарайды.
Кассациялық соттар сот жүйесінің ашықтығын, жауапкершілігін және сенімділігін арттырып, Қазақстанның құқықтық жүйесін халықаралық стандарттарға жақындатады. Кассациялық соттар сот жүйесінде жаңа деңгей ретінде әрекет етіп, сот актілерін қайта қарауға және заңды қадағалауды күшейтуге жол ашады.
Кассациялық сот – сот істері мен материалдарын кассациялық сатыдағы сот ретінде қарайды. Сот практикасын зерделейді, оны жинақтау қорытындылары бойынша бірінші, апелляциялық сот сатыларының сот төрелігін іске асыруы кезінде заңдылықтың сақталу мәселелерін қарайды. Заңда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады. Мұндай сот жалпы юрисдикциядағы соттар сатысында соңғы шешуші инстанция ретінде әрекет етеді.
Бұл жаңа реформа сот жүйесінің тиімділігін арттыруда, адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының сақталуына барынша ықпал жасауына, құқықтық тәжірибені қалыптастыруда, қоғам тарапынан сотқа деген сенімді одан әрі нығайтады. Ең бастысы, бұл әділдік қағидаттарын және құқық үстемдігін толық жүзеге асыруға ықпал етеді деп сенеміз.
Садуақасова Камшат Ашимқызы
Сырдария аудандық сотының
төрағасы міндетін атқарушы
Фото: Н.Нұржаубай