Қазақстанда жаңа кассациялық соттар құрылады
Қазақстанның құқықтық жүйесі соңғы жылдары бірқатар маңызды өзгерістер мен реформаларды бастан өткеруде, солардың бірі – кассациялық соттардың құрылуы. Кассациялық сот 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Астана қаласында құрылып республикалық деңгейде жұмыс істейтін болады.
Кассациялық сот үш бағытта, яғни қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді толық қарайды.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына 2024 жылдың 5 шілдесінде 109-VIII Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңымен үлкен өзгерістер енгізілді.
Сонымен қатар қылмыстық-процестік кодекске, Азаматтық процестік кодекске, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске және басқа да заңдарға түзетулер енгізілген. «Заңда азаматтық және қылмыстық істерді кассациялық сатыда алдын ала қарауды алып тастау ұсынылған.
Енді азаматтар сот актілерін қайта қарау туралы арыз емес, кассациялық шағым түсіретін болады. Сот ісін жүргізудің барлық түріне кассациялық қадағалаудың бірыңғай ережелері енгізіледі.
Ал қабылданған заң кассациялық сот ісін жүргізу тәртібін жетілдіруге бағытталған. Бұл реформа әділетті сот жүйесін күшейтіп, азаматтардың құқықтарын қорғауды жақсартуға бағытталған. Кассациялық соттар сот жүйесінде жаңа деңгей ретінде әрекет етіп, сот актілерін қайта қарауға және заңды қадағалауды күшейтуге жол ашады.
Енгізіліп жатқан кассациялық соттар – сот жүйесін жаңғыртуға арналған жаңа инстанция. Олардың негізгі міндеті – әділдікті қамтамасыз ету, қателіктер мен заң бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ апелляциялық соттардың шешімдерін қайта қарау мүмкіндігін ұсыну.
Кассациялық соттар сот шешімдерінің заңдылығын тексеру. Олар апелляциялық соттардың шешімдерін құқықтық тұрғыдан бағалап, заң талаптарына сай болуын қадағалайды. Бұл жаңа инстанция сот қателіктерін түзетіп, заңнаманың біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жүргізілетін реформа сот жүйесіне ғана емес, мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтарымен бостандықтарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеді деп сенеміз.
Нұрхан ӘБДІКӘРІМ,
Сырдария аудандық соты
әкімшісінің басшысы
фото: shutterstock