Егін егуге дайындық жұмыстары талқыланды
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 2026 жылғы егіс науқанына дайындық және мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу жөнінде мәжіліс өтті.Жиынға аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының міндетін атқарушы Нәжмадин Шамұратов, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы су пайдалануды басқару және реттеу бөлімінің басшысы Нұржан Бекетов, облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы Мұхамбетжан Тілеуов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының басшысы Жанар Прешова, «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалының директоры Ораз Қарақожаев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалының басшысы Айдос Жалқайдаров, сондай-ақ аудандық мекеме және бөлім басшылары, егін шаруашылығы құрылымдарының төрағалары мен өкілдері қатысты.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауыл халқының табысын арттыру және экономиканы әртараптандыру мақсатында аграрлық секторды дамытуға айрықша мән беріп келеді. Ауданымызда егін шаруашылығының негізгі бағыты – суармалы егіншілік, оның ішінде күріш өндірісі. Алайда соңғы жылдары өңірде су тапшылығы мәселесі өзекті болуына байланысты, биыл да вегетациялық кезеңнің күрделі өту қаупі жоғары. Осыған байланысты аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес 2026 жылғы егіс науқанына дайындық және мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылды. Бүгін жұмысшы топ ауданымызға арнайы келіп отыр. Ендігі міндет – егіс науқанын ойдағыдай өткізу үшін дайындық жұмыстарын пысықтап, көктемгі дала жұмыстарын оңтайлы мерзімде ұйымдастыру қажет, – деді аудан әкімінің орынбасары Роллан Манарбекұлы.
Мәжілісте аймақ басшысының тапсырмасымен құрылған жұмысшы топ өкілдері вегетациялық кезеңге дайындық, мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, егінді әртараптандыру және цифрлық технологияларды кеңінен енгізу мәселелерін баяндады.
– Күні кеше ғана Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Оңтүстік өңірлерде биыл да су тапшылығы болатынын атап өтті. Осыған орай, алдағы егіс науқанын ойдағыдай өткізу үшін осы кезден дайындық жұмыстарын пысықтап, су үнемдеу технологиясын жетілдіруіміз қажет. Егінді әртараптандыру және суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беруіміз қажет. Сонымен қатар, барлық су нысандарын толық дайындыққа келтіруді, су жолдарын тазалауды атқаруымыз керек, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Тұрсынұлы.
Мәжіліс барысында жұмысшы топ өкілдері ауыл шаруашылығы саласындағы қолдаудың жаңа тетіктері, субсидиялау талаптары, несие беру механизмдері туралы жан-жақты түсіндірме жүргізді. Өз кезегінде шаруашылық құрылымдарының өкілдері ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі










