Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№92 газет

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 газет

29 қараша 2025 ж.

№90 газет

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Су тапшылығын болдырмаудың амалы қандай?

Су тапшылығын болдырмаудың амалы қандай?

Қытымыр қыс та келіп жетіп, қара суықтың нышаны байқала бастады. Үш ай күзде диқандар жаздайғы еңбекті зая кетірмей, егінді жинап алған болатын. Алдағы жылы әрбір шаруаның алдына үлкен мақсат-міндет қойылған. Жақында аудан әкімдігінің мәжіліс залында арнайы жиын өтті.

Егін шаруашылығына байланысты барлық өзекті мәселені қамтыған бұл жиынға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев, Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов, «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» ЖШС директоры Шухрат Құрбанов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының өкілі Нұржан Жаналиев, «Фитосанитария» Қызылорда облыстық филиалының директоры Жанат Дүзелбаева және тиісті сала басшылары мен шаруа қожа­лықтарының жетекшілері қатысты.

Сырдария ауданына арнайы іссапармен келген ауыл шаруа­шылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев вегетациялық кезеңде аудандағы суармалы егіншілікпен айналысатын шаруашылықтардың қазіргі жағдайы, биылғы ауыл шаруашылығы науқанының қорытындысы және келер жылғы егін егу кезеңіне жоспарланған жұмыс бағыттары туралы ақпарат берді. Басқарма басшысы Сырдария өзені бойын­дағы су көлемінің азаюы және оның егістік алқаптарына әсеріне назар аударды. Бұл ретте күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралып, суармалы сумен қамтамасыз ету, су тап­шылығының салдарын азайту, егіс құрылымын қайта қарау қажеттігі әрбір сала маманының назарынан тыс қалмады. Бас­ты назарда күріш алқаптарын қысқартып, суды аз қажет ететін дақылдарға – жүге­рі, мақсары және өзге де балама өнімдерге кезең-кезеңімен көшу жөніндегі ұсыныс болды. Бұл бағыттағы жұмыстың аграр­лық саланың тұрақтылығын сақтауға және су ресурстарын тиім­ді пайдалануға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Мәжілісте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмалары да айтылды. Осыған байланыс­ты тамшылатып және жаңбырлатып суару сияқты заманауи әдістерді енгізу, су арналары мен қашыртқыларды тазалау, суды есепке алу жүйесін жетілдіру мәселелері күн тәртібінде тұр.

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев жиын барысында алдағы вегетациялық кезеңге дайындықты бүгіннен бастап күшейтудің маңызына тоқталды. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті тұқым, тыңайтқыш және ауыл шаруашылығы техникаларын толық әрі сапалы әзірлеу, су көздерін ұтымды пайдалану бағытында нақты жос­парларды әзірлеу қажеттігін жеткізді. Барлық жауапты сала басшылары мен шаруашылық жетекшілерін бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуге шақырып, аграрлық саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету ортақ міндет екенін атап өтті. Жиын соңында бірқатар шаруашылық құрылымдарының төрағалары мен мамандары көкейдегі сауалдарын ортаға салды.

Б.АЯБЕКҰЛЫ

02 желтоқсан 2025 ж. 36 0