Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Егін егу маусымына дайындық пен су тапшылығы мәселесі талқыланды

Егін егу маусымына дайындық пен су тапшылығы мәселесі талқыланды

Ауданда егін шаруашылығына қатысты өзекті мәселелер талқыланған арнайы мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев қатысып, аймақтағы су тапшылығы жағдайында алдағы егін егу маусымына дайындық барысы жан-жақты қаралды.

Мәжіліске ауданға жұмыс сапарымен келген “Қазсушар” РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев, Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Арал–Сырдария бассейндік су инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов, «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» ЖШС-нің директоры Шухрат Құрбанов, сондай-ақ “Аграрлық Несие Корпорациясы” АҚ облыстық филиалының өкілі Нұржан Жаналиев, “Фитосанитария” Қызылорда облыстық филиалының директоры Жанат Дүзелбаева және тиісті сала басшылары мен шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.

Жиын барысында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев вегетациялық кезеңде аудандағы суармалы егіншілікпен айналысатын шаруашылықтардың қазіргі жағдайы, биылғы ауыл шаруашылығы науқанының қорытындысы және келер жылғы егін егу кезеңіне жоспарланған жұмыс бағыттарын талқыланды. Басқарма басшысы Сырдария өзені бойындағы су көлемінің азаюы және оның егістік алқаптарына әсеріне назар аударды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сөз алған сала мамандары суармалы сумен қамтамасыз ету, су тапшылығының салдарын азайту, егіс құрылымын қайта қарау қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, күріш алқаптарын қысқартып, су аз қажет ететін дақылдарға – жүгері, мақсары және өзге де балама өнімдерге кезең-кезеңімен көшу жөнінде ұсыныстар айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар аграрлық саланың тұрақтылығын сақтауға және су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Сондай-ақ мәжілісте Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмалары да тілге тиек етілді. Осыған байланысты, тамшылатып және жаңбырлатып суару сынды заманауи әдістерді енгізу, су арналары мен қашыртқыларды тазалау, суды есепке алу жүйесін жетілдіру мәселелері күн тәртібінде тұр.

Мәжілісте шаруашылық құрылымдары өкілдері ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Аудан әкімі жиынды қорытындылай келе, алдағы вегетациялық кезеңге дайындықты бүгіннен бастап күшейтудің маңызын атап өтті. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті тұқым, тыңайтқыш және ауыл шаруашылығы техникаларын толық әрі сапалы әзірлеу, су көздерін ұтымды пайдалану бағытында нақты жоспарлар әзірлеу қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар, барлық жауапты сала басшылары мен шаруашылық жетекшілерін бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуге шақырып, аграрлық саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету ортақ міндет екенін атап өтті.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

01 желтоқсан 2025 ж. 37 0