Поэзияның мұзбалағы
Расында, 45 жыл дамылсыз соққан жүректің тоқтағанына биыл 50 жыл толды. Аз ғана ғұмырында қазақ поэзиясына төңкеріс жасаған Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойы елімізде кеңінен аталып өтілуде. Кез келген қолына қалам ұстаған қаламгер ақиық ақын жөнінде жазуға оқталғанда оның ғұмыр жолы мен шығармашылығынан алыстамасы анық. «Ауызымен құс тістеген» ақын хақында осыған дейін бірнеше кітап жазылғанын жақсы білеміз. Керек десеңіз, 858 беттен тұратын «Мұқағали Мақатаев» энциклопедиясы қолымызға түсті.Энциклопедия негізінен осыдан 10 жыл бұрын «Қазақпарат» баспасынан жарыққа шыққан. Кітаптың кіріспесінде: «Мұқағали Мақатаев шығармашылығын жан-жақты талдап, түсінікте беру мақсатымен баспадан шығарылып отырған бұл энциклопедияда ақынның мыңнан астам өлеңдері мен он алты дастаны, хикаяттары мен әңгімелері, «Қош, махаббат» атты пьесасы және негізгі әдеби-сын мақалалары сөз болады» делінген. Үнемі төрт тармақтан тұратын он бір буынды өлең жазуға машықтанған Мұқағали Мақатаев поэзияға жанын беруге даяр адам болған. Көбіне сегіз, төрттен он екі буынға дейін құбылып тұратын әрбір өлеңі оқырман жүрегінен орын алған. Шалыс ұйқасты туындысымен қатар, қара өлең жазудың шебері атанған. Ал, арнау өлеңге деген көзқарасын ақиық ақын әуелден айқындап алғаны толықтай зерттелген. Мәселен, ол – көңіл жықпастықпен әркімге жыр арнап, алтын сөздің салмағын жеңілдетуге жаны қас атанған. Шын мәнінде, мұзбалақтың Есенинмен жан дүниесі ұқсас келген. Саздай сезімі мен ішкі иірімі іргелес көрінген.
Энциклопедияны құрастырушылар Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығынан бөлек, оның шығармашылығына зерделеу жүргізген көптеген тұлғаны жинаққа енгізген. Құрылымдық жағынан мыңнан аса өлеңді талдаудың өзі – үлкен қажырлы еңбек. Кітапта Мұқағали Мақатаевқа өлең арнап, көптеген тарихи туынды жазған қарымды қаламгерлер жөнінде мәлімет жеткілікті. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің жерлесіміз, тереңөзектік ақын Қайырбек Асанов «Түс немесе Мұқағалимен ұшырасу», «Ақын», «Өмір еді өлеңінің ұраны» тақырыбында жыр жазған.
Өз кезегінде энциклопедияны шолу арқылы философиялық ой түйіндеріне тереңнен қанықтық. Адам өмірінде жиі кездесетін сағыныш, аңсау, құмарту, сүйсіну, шаттану, қуану, ренжу, мұңаю, өкіну секілді бірқатар дүниені шығармашылығынан аңғаруға болады. Шындығында, ақынның Фаризаға арналған өлеңі көлемі 45 тармақтан тұратын 8 шумақтық өлең поэзияда ұшыраспаған үлгіде жырланады.
Айта кетейік, елімізде «Мұқағали» журналы 2005 жылдан бері жарыққа шығып, оқырманның жүрігінен жол тауып келеді. Алғашқы нөмірі Райымбек батырдың 300 жылдық мерейтойына арналып шығарылған. Бүгінде екі айда бір рет 120 бет болып шығатын журнал шығарудағы негізгі мақсат – ұлы ақынның өмірі мен шығармашылық жолын тыңғылықты зерттеп, елімізде «мұқағалитану» ғылымын қалыстастыру. Бұл ретте, «Мұқағали» тақырыбындағы «Жалын» баспасынан жарық көрген естеліктер жинағын А.Әбдіқал құрастырған. Дәл осы тақырыпта 2001-2002 жылдары ақынның 70 жылдығына орай шығармаларының 4 және 5 томдық, таңдамалы, шығармалар, жыр жинағы жарық көрген. Қазақстан Жазушылар одағының шешімімен 1985 жылы алғаш рет қаламгерлерге «Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлық» берілді. Әдістемелік құрал ретінде «Мұқағали бағдарламасы» дайындалса, «Мұқағали – дастан» зерттеу мақалалар жинағы 2001 жылы өз оқырманына жол тартты. Бұдан бөлек, «Мұқағали Мақатаев» естелік-эссе кітап, таңдамалы шығармалар жинағы өз құндылығын жоймайтындығын дәлелдеген. «Мұқағали Мақатаев ақындығының лирикалық табиғаты» және «Мұқағали Мақатаев лирикасының лексика-грамматикалық ерекшеліктері», «Мұқағали Мақатаевтың ақындық шеберлігі», «Мұқағали Мақатаев және қазақ поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық», «Мұқағали Мақатаевтың бейнелі сөздер сөздігі», «Мұқағали мұраты», «Мұқағали өрнегі» тақырыбындағы диссертациялық еңбектер ақынның шығармашылығы ғылыми тұрғыдан зерттелгенін дәлелдейді. «Мұқағалитануды» ғалымдар қазақ әдебиеттану ғылымының жаңа саласына жатқызады. Ақынның «Білгің келсе, алдымен, зертте мені» деген сөзі қазақ ғалымдарының жұмысына жол бастаушы болған секілді.
Сазгер Нұрғиса Тілендиевпен бірге ортақ шығармашылық байланыс орнатқан ұлы ақынның сөзіне жазылған әндер де жеткілікті. Ақиық ақын туралы түсірілген бірнеше фильм бар. 1976 жылдың 28 ақпанында мұзбалақ өз күнделігінде: «Әттең ауруым болмаса, биылғы жыл жаман басталмады. «Өмірдастан» – таңдамалым 15 мың тиражбен шықты: жаман емес. Мазмұны, мені қанағаттандырады. Бұдан 10-12 жыл бұрын жазғандарымның жаңа дүниедей оқылғаны қуантады. Бәрі орнында...» деп жазба қалдырады. Өкініштісі, осы жазба жарияланғаннан кейін 30 күннен кейін ақын бақилыққа аттанып кете барады. Арада 50 жыл өтсе де, өз заманының заңғар ақыны мәңгілік насихаттала береді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










