Бар жақсылық – балаларға
Асқар Тоқмағамбетов ауылында тағы бір ойын алаңы пайдалануға беріліп, балаларға қуаныш сыйлады. Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуы қарсаңында ауылдағы Абай көшесінде жаңа алаң салынуы көптен күткен жақсы жаңалық болды.– Заманауи үлгіде сапалы материалдардан салынған ойын алаңы – ауыл балалары үшін қуанышты жаңалық. Еліміздің келешегі – бүгінгі ойын балалары. Сондықтан оларға бүгінгі күні дұрыс тәрбие беріліп, шынығып, шымыр болуына жағдай жасауымыз керек. Ойын алаңына орналастырылған жабдықтардың бәрі жоғары сапалы және қауіпсіздік те ескерілген, – дейді ауыл әкімі Нұрлан Құрманәлиев.
Айта кетейік, ойын алаңының құрылысын «ХанСтрой» жеке кәсіпкерлігі жүргізген. Алаңның жалпы ауданы 10*20 шаршы метрді құрайды. Бұған дейін ауылда балаларға арналған екі ойын алаңы болған. Алдағы уақытта да ел ертеңдерінің игілігіне жоспарлы жұмыстар жүргізілетін болады.
– Бүлдіршіндердің шатыққа толы күлкісі мен ойынға толы күндері үшін жасалған бұл алаң – ауылдың келешегі үшін тағы бір жарқын қадам. Ата-ана үшін баласының қуанышты жүзін көруден асқан қандай бақыт бар?! Ауылымыздан тағы бір ойын алаңы ашылып балалардың қуанышында шек жоқ. Әткеншек, сырғанақ, барлығы жап-жаңа. Еліміздің көк Туын желбіреткен небір батырларымыз осындай кішкентай ауылдардан шыққаны мәлім. Қазір балалар көбіне телефонға әуес деп жатамыз. Далада ойын ойнаған бала шымыр болып өседі. Осында балаларымызды әкеліп ойнатамыз, – дейді ризашылығын білдірген ауыл тұрғыны Зылиха Сыздықова.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ









