Сайлау күні – демократияның айнасы
Ақпан айының алғашқы бейсенбісі – «Дүниежүзілік сайлау күні». Бұл – сайлау институтының маңызын, азаматтардың қоғам өміріне белсенді қатысуының рөлін айқындайтын ерекше күн. Атаулы мерекеге орай аудан әкімі Берік Сәрменбаев сайлау жүйесі ардагерлері мен қызметкерлерін қабылдап, кәсіби мерекемен құттықтады. Кездесу барысында аудан әкімі жаңа Конституция жобасының маңыздылығына тоқталып, жүргізіліп жатқан конституциялық реформалардың ел дамуы үшін айрықша мәнге ие екенін атап өтті.– Конституциялық реформалардың негізгі басты мақсаты – әділетті, тұрақты және өркендеген қоғам құру. Осыған байланысты еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы жұмыстар конституциялық өзгерістерге сай жүзеге асырылатын болады. Жаңа Конституцияда 145 депутаттан тұратын және жаңа, кеңейтілген өкілеттіктерге ие бір палаталы жаңа Парламент – Құрылтай құрылады. Оны құру кезінде пропорционалды сайлау жүйесі қолданылады, ал депутаттардың өкілеттік мерзімі 5 жылды құрайды. Пропорционалды жүйе партиялардың кадрлық саясатын дамытуға, олардың институционалдық рөлін арттыруға және саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуге ықпал етеді. Бұл өзгерістер ел дамуына серпін беретіні анық, – деген аудан басшысы сала мамандарын атаулы мерекемен құттықтады.
Қабылдауда сала ардагерлері облыс және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталып, сый-құрмет көрсетілді. Атаулы күнге арналған іс-шарада аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, сала ардагерлері Балшекер Өтегенова мен Несібелі Керейтбаева мерекелік лебіздерін жеткізді. Сайлау жүйесінің мәні мен маңызына тоқталып, ауданда саяси науқандар тұрғындардың ауызбірлігінің нәтижесінде жоғары деңгейде өткізіліп келе жатқанын атап өтті.
Сайлау жүйесінің тарихына көз салсақ, сонау замандарда Грекия елінен бастау алған екен. Ежелгі елде халықтың негізгі мәселелерін шешу үшін «халық жиналысы» өтіп, онда дауыс беру арқылы шешу тәжірибесі қолданылған. Сонымен қатар Еуропа, Англия, Франция елдерінде де ықылым заманнан дауыс беру арқылы таңдау жасау жүйесі қалыптасқаны белгілі. Қазақ халқына да сайлау жүйесі күні кеше келді деп айта алмаймыз. Неге десеңіз, Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы деп келетін заңдар жүйесі халықтың өзара талдау-талқылауынан өтетін болған. Тіпті, «Жеті жарғы» қағидалары халықтың талқылауынан өтіп барып қабылданған. Және билердің, жүздердің, ру-тайпалардың өкілдерінің қатысуымен болған сайлаулар бізде өкілдік демократияның дамығанын көрсетеді. Көне заманда хан сайлау үшін халық дауыс беріп, кеңескені де тарихтан белгілі.
Ал, бүгінде кез келген мемлекеттің демократиялық бастауының өлшемі әділ сайлаулармен айшықталады. Сайлау – кез келген демократиялық мемлекеттің негізі. Ол халықтың өз еркін білдіріп, елдің болашағына қатысты шешім қабылдауына мүмкіндік береді. Әрбір азаматтың дауысы қоғам дамуына қосылған нақты үлес болса, белсенділік тұрғындардың жауапкершілігін көрсетеді.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ











