Өнегемен өрілген өмір
Мен алғаш 1977 жылы аудандық «Еңбек Туы» газетіне корректор болып орналасқанда Мұхтар аға жауапты хатшы екен. Күн сайын баспаханамен біте қайнасқан еңбекке араласа жүріп, редактор Ізхан Досмағамбетов, Абызбай Маханбетов, редактордың орынбасары Болатбек Аманбаев, бөлім меңгерушілері Келдібай Уайсов, Сұлтан Қожаниязов, Еркін Әбілев, Серік Әлімбетов, Бекнияз Шертаев, баспахана директоры Сергей Тоқсанбаев, Қалман Төлегенов сынды ылғи ығай мен сығайлар арасында жүріп өмір сабағын алдым.Ең бірінші жазуға машықтандым, жазу стилім қалыптасты, тәжірибе алдым. Сүрініп кетіп, қайта тұру, өмірдің ащы сабақтары мойныңа қанша жерден қыл арқан салып тұрса да мойымау, морт сынбау, өзіңнің адамдық жолыңнан жаңылмауды үйрендім. Сол үшін де редакция атты қарашаңыраққа басымды идім.
Жаңа өзім айтқандай редакцияға алғаш келген жылдары Мұхтар аға жауапты хатшы болатын. Аптасына үш рет шығатын газеттің жобасын жасап, оны макетпен бекіту, журналистердің мақалаларын беттерге бөліп салып отыру, оның көркемделуін, кейбір даталы күндері газетті безендіру, арнайы беттер шығару – жауапты хатшының міндеті. Редакцияның да, баспахананың жұмысы да бір үлкен конвейер сияқты, күндіз-түні мақала үйіліп келіп жатады, басылым тоқтаусыз шығып жатады. Осы жұмыстарды ың-шыңсыз атқару, жүйеге қою, үйлестіру жауапты хатшыға тікелей байланысты және ол міндетті Мұхтар ағай мінсіз орындайтын.
... Тереңөзек – терең жатқан жер төсі,
Тереңөзек – сұлу Сырдың еркесі.
Тереңөзек – ән мен жырдың Отаны,
Тереңөзек – таланттардың өлкесі, – деген өлең жолдары жұртшылыққа етене таныс. Бұл – Мұхтар ағаның ақындық қыры. Осынау шумақтардан туған жерге деген шексіз-шексіз махаббатты, үлкен сүйіспеншілікті, жып-жылы мейірімді, мөлдіреген сағынышты аңғарасыз. Әрине, сиқырлы сөзді сараптап, салихалы сыр айту теңіз түбінен маржан тергендей етіп сөздерді үйлестіру, ой қабыстыру, сөйтіп жыр қалыбына салып, елге ұсыну – тек нағыз ақынның ғана қолынан келеді. Ақынның өзгеден ерекшелігі де осында. Қисыннан қиыстыра отырып, жүректен шыққан сөзді жүрекке жеткізу үшін түн ұйқысын төрт бөліп тер төгетін де – ақын. Мұхаң бұл жағынан алғанда Құдай берген талантын негізгі жұмысымен үйлестіре білген, одан алшақтамаған адам. Оның прозаға қалам тербеуі де ерекше.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваның бастамасымен көптеген қыздар темір тұлпар тізгіндеді. Сол тұста жерлесіміз Рысты Өкшебаева да алғашқылардың бірі болып К-700 тракторының рөліне отырып, осынау алып техникамен еңбек көрігін қыздырғаны, нәті әйел болса да темір тұлпарды ұршықша иірген ерлігі жайлы республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде көлемді очеркі жарияланған еді. Мұнан басқа «қараөзектік» шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Ахмет Халықов, Лениндік сыйлықтың лауреаты Абат Сүлейменов, комбайнер Қуаныш Алданов, қалжанахундық Жарылқасын Ерташов, сейфуллиндік жылқышы Тыным Сейделов тағы басқалар жайлы очерктері республикалық, облыстық, аудандық басылым беттерінде жарияланды.
Өзінің қырық жылдан астам ғұмырын аудандық газеттің дамуына арнаған, өзім ұстаз тұтқан Мұхтар аға Сақтапов маған ғана емес, редакция қабырғасында еңбек еткен талай жасқа ақылшы болды, қамқоршы болды. Алтынбай Дәуренбеков, Дәметкүл Құмақбаева, Мейрамбек Шілдебаев, Марат Дәдікбаев, осылай жалғаса береді.
Қазақстан Республикасы Әнұранының авторының бірі Жадыра Дәрібаева ұстаз жайлы былай дейді: «Алғаш өлеңдеріме сәттілік тілеп, баспа бетінде ыстық лебізін білдірген, ең жақын ағаларымның біріне айналған абзал жүректі, текті тұлғалы, терең ойлы Мұхтар ағаны өзімнің рухани, жанашыр ұстазым деп білемін. Тереңөзектің киелі топырағы таланттарға бай, солардың ішінде ағаның мен үшін орны бөлек. Әлі күнге дейін байланысымыз үзілмей келе жатқаны соған куә...»
Ол табиғатынан талантты адам екенін айттық. Қай жанр болсын мүдірмейді, тез ой қорытып, жазарын електен өткізіп барып оқырманға ұсынады. Өмір шындығын барынша батыл көрсетуге тырысып, сыннан қорытынды шығуын қадағалайды.
1960-1970 жылдары газет сынына ұшыраған кісіні аудандық партия комитетінің бюросына салып діңкелететін. Бірінші хатшының қаһарына іліккендер не жұмыстан қуылатын, не сөгіс арқалайтын. Осылайша айтылған сыннан қорытынды шығарылып, кеткен кемшілік тез арада жөнделетін. Қаламның, баспасөздің құдіреті осылай білінетін. Бірде-бір сын ескерусіз қалмайтын.
Ақын ағамен әңгімелесе қалсаң, Садықбек Хангелдин, Жанұзақ Қожабергенов, Ізхан Досмағамбетов, Тынышбек Дайрабаев, Серік Саймағамбетов, Әскербек Рахымбеков секілді мықты ақын-жазушылармен сырлас-дос болып, бірге жүріп, жыр қазанын қайнатқан аралас-құралас болғанын мақтанышпен айтады. Олармен талай жыр кештерінің ортасында бірге жүргендерін жиі еске алады. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, Мұхтар ағаны ұстаз тұтқан белгілі ақындар Иран-Ғайып, Қайырбек Асанов, марқұм Асқар Кіребаев, Келдібай Уайсов, Еркін Әбілов, Ерғали Әбдіхалықов, Мейрамбек Шілдебаевтардың «Мұхаңның шекпенінен шықтық» дегенінің талай куәсі болған едім. Елге келген ақындардың алдымен ауданның бас ақыны Мұхаңа соқпай кеткенін көрмеппін.
М.Сақтапов бір кездері есімі елге белгілі, жаңақорғандық Адырбек Сопыбековпен айтысқанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Ал, сатира жанрындағы шығармаларын оқырмандар жылы қабылдады. Ақынның «Сабазбек қағаз», «Ымдасу қоғамы», «Нұсқау», «Миллионер митың», «Жылу жинау», «Ауыс-күйіс», «Бизнестің бір түрі» т.б. сатиралық шығармалары мен «Теріс ақыл», «Жебір өңеш», «Құбылма» атты шығармалары жергілікті басылым бетіне жарияланды. Шымшымаларға арқау болған кері кеткен тірліктер мен кемшіліктер арқылы әшкереленіп, сын нысанаға дөп тиген кездер де аз болмады. Ақын ағаның «Көңіл шуағы» деген алғашқы кітабы оқырман қолына 2007 жылы тиді. «Қайырлы таң, туған жер» атты жыр жинағы 2013 жылы жарыққа шықты.
Мұхаң жайлы Мемлекеттік сыйлықтың және «Тарлан» сыйлығының лауреаты, ақын-драматург Иран-Ғайып былай деп жазады: «Мұхаңды аудандық «Еңбек Туы» газетінде қызмет етіп жүрген кезінен танып, алғашқы өлеңдерім сол газет бетін көрген кезінен аға-іні болып, аралас-құралас күй кешіп кеткен едік. Беріде Алматы, Шымкент, Кентау қалаларында өткен жас ақындардың республикалық жиын-кеңестерінде бірге жүріп, жастық дәуірдің ең қызықты күндерін бастан өткіздік, әлі де жалғасып келеді.
Мұхаң мықты ақын, бірақ жазғандарын баспаға беруге келгенде өте сараң, асықпайды, жұрт құсап баспа жағалап кетпейді. Ауданда өмір сүріп-ақ жақсы жырларымен жұртшылықты сусындатып, абырой-беделге ие болып жүр...» деуінің өзі ақын, қаламгер ағаның қарапайымдылығын, туған жерден алыстамай, өмірмен біте қайнасқан тұлға екенін көрсетеді.
Мен Мұхтар ағаның досқа адалдығының да куәсі болдым. Қазақстан теміржолының дамуына айрықша үлес қосқан белгілі теміржолшы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Әби аға Сарқыншақовпен достықтары ерекше еді. Ол кісі елге келсе алдымен Мұхтар ағаға сәлем беруді ұмытпайды. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, ата-бабасына жиі-жиі ас беретін Әби ағаның дастарқан төрінде ең алдымен Мұхаң отыратын. Бір кездері аудандық ардагерлер Кеңесін басқарған Хайролла Әбенов, аудандық мұнай базасының директоры болған Өмірбек Бөлегенов, Жомарт Ақпенбетов, Жұманазар Қонысбаев, Сайлау Есенов, Бақытжан Сауытбаев, Сәбит Әлжанов, Хасен Мұратбеков ағалармен де заманы бір замандас, бала шақтан дос, тіпті кейбірімен мектептес, кластас екенін де білемін.
Достық жайлы мына жыр жолдары ерекше толқытады.
Біздің достық бала кезден басталған,
Күндіз-түні ойын болып басты арман.
Жалаңаяқ доп қуалап кетуші ек,
Қара жауын құйса да кеп аспаннан.
Кездеспесе күні дұрыс батпайтын,
Жүздеспесе таңы да тез атпайтын.
Шіркін, достық керемет те ғажап қой,
Жамандыққа, жалғандыққа жатпайтын.
Бәрінің де өсті қызы, ұлы да,
Сыйласумен өткен барлық бос күні.
Қарап тұрсақ, дүниеде ең қымбат,
Жігіттердің, еркектердің достығы, – деген жырларынан ол кісінің достарды аса қадірлейтінін аңғарасың.
Ағайдың бірнеше әнге сөз жазғанын білетін бе едіңіз?! «Динара», «Ағаларым» әндерінің сөзін Мұхтар Сақтапов, әнін Махмуд Сақтапов жазған. 1980 жылдары аудандық мәдениет үйі жанынан «Оңаша» ойын-сауық отауы ашылды, соның сценарисі Мұхтар ағай болды.
1936 жылы Тереңөзек топырағында дүние есігін ашқан Мұхтар аға Сақтапов биыл ақпан айында тоқсан жасқа толмақшы. Өмірінің қырық жылдан астам уақытын жергілікті басылым қабырғасында өткізген, өмірі өнегеге толы ағайға «жасай беріңіз, аға» дегім келеді. Өмірлік жары Несібелі апаймен өткізген жылдар мәнді, мағыналы болғанында сөз жоқ. Айналасына қадірлі, достарға сыйлы ғұмыр иесіне әлі де Алла күш-қуат берсін!
Сәуле ЕРІМБЕТ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі







