Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 86 газет

11 қараша 2025 ж.

№ 85 газет

08 қараша 2025 ж.

№ 84 газет

04 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
» » Қожаниязов феномені

Қожаниязов феномені

Уақыт атты ұлы көш алға жылжыған сайын бір кездері тұздас-дәмдес болған кісілерді жиі еске алу да заңдылық болар, бәлкім!? Менің де өмірімде әріптес аға-апалар, қамқор жандар аз болмады. Осынау киелі шаңыраққа алғаш қадам басқанда алдымнан жөн сұрап шыққан кісі ол – Сұлтан аға Қожаниязов болатын. Ә дегеннен шешемнің жаппастың қызы екенін біліп «жиенсің» деді. Одан әрі қарай нағашылы-жиен болып өмір жалғаса берді. Кейіннен ол кісіннің әрбір сөзі, әрбір ақылы өмірлік ұстаным, жолыма бағдаршам болғаны және бар.

Бірде редакцияға белгілі ақын, сатирик Асқар Тоқмағамбетов келді. Мен – корректормын, Сұлтан ағам – кезекші редактор. Газеттің келесі санын қарап, қатесін тексеріп отырғанбыз. Асекең кіріп келгенде Сұлтекең орнынан маңғаздана көтеріліп, екі алып бір-бірімен құшақтасып, амандасып жатты. Сөз арасында Сұлтан аға: «Мына қыздың әкесі қарақойлы, бірақ менің жиенім, ақыры келіп қалған екенсің, батаңды бер» деді.

Сонда Асқар аға: «Қарағым, қолыңды жай, бата берейін» деп мына батаны беріп еді:
Үлгі алғын, Сұлтекеңдей әз ағадан,
Жансың-ау туған жерден ұзамаған,
Өмірде өлместей боп ізі қалса,
Жасайды сонда ғана ұзақ адам.
Түсіпсің жорналшының хақ жолына,
Өмірді өлең-жырмен өрнектеген.
Жүргейсің көп ішінен дараланып,
Көп болсын ұстаздарың өбектеген!
Қиялың – ұшқыр, қаламың – үшкір болсын!

Кетерінде Асекең Сұлтан ағама қарап: «қарындасыма қамкор бол» дегені әлі есімде.
Егер Сұлтан аға Қожаниязов­­­тың өмір жолы қалай қалыптасты дегенге келсек, ол 1915 жылы Тереңөзек ауданына қарасты Карл Маркс ауылында өмірге келген. Қарындасы Күләш екеуі әкеден ерте айырылып, шеше­сінің қолында тәрбиеленеді. Ол жастайынан ауқатты кісілерге жалданып күн көреді. Кейін 1930 жылдардың бас кезінде қарындасы екеуі Қызылорда каласындағы интернатта екі жылдай тәрбиеленеді. Кейін Шымкентке барып ФЗО-да оқиды. Бітіргеннен кейін Шымкенттегі қорғасын зауытында жұмыс істейді. Бұл жайлы Сұлтан ағаның өз аузынан естігенім: «Ол жер нағыз удың ортасы болатын. Адамның денсаулығын кұртатын жер ғой» дейтін. «Құдай адам басына салмасын, ол жерге жетіскеннен бармайсың, әкеден ерте жетім қалдым. Қарын­дасымды жеткізуім керек, шешеме болысайын деген өлермендік еді менікі. Өзі ашқұрсақ адамға ауыр жұмыс істеу оңай болмайтын. Десе де өмір тауқыметі 17-18 жастағы мен сияқты жүздеген бозбаланы осындай тәуекелге баруға мәжбүрледі» дегені әлі есімде.

Кейіннен Қызыл­ордаға қайта келіп, педучилищеге оқуға түсіп, тәмамдайды. Оны аяқтап, педин­с­титутқа түседі. Бірақ, оны бітіруге мүмкіндік болмайды. 1939 жылы әскерге алынып, Фин соғысына қатысады. 1941 жылы елге оралып, облыстың Қазалы, Қармақшы, Жалағаш аудандарында газет тілшісі, жауапты хатшы, облыстық «Ленин жолы» газетінде меншікті тілші болып жауапты жұмыстар атқа­ра­ды.
1942-1943 жылдары Екін­ші дүниежүзілік со­ғыс­қа қатысып, 19-гвар­­диялық дивизияның 61-гвардиялық полкында сая­си жетекшінің көмекшісі болады. Ол дивизия жауынгерлерінің ерліктерін паш ететін мақалаларды әскери басылымдарға жариялап отырады. Сол жерде небір жан алып, жан берген ауыр шайқастардың куәсі болған ол талай қарулас дос­тарынан айырылып қалады. «Соғыс жайлы естелік сұрамаңдар менен» дейтін Сұлтекең. «Себебі көз алдымда қарсы шабуылға шыққан, әлгінде ғана бірге махорка тартып, «Ал, кеттім» деген досым әп-сәтте оққа ұшты. Өзімнің жетекшім, политрук Самойлов дәл жанынан жарылған снаряд кұрбаны болды. Міне, қарағым, соғыс деген сондай қырғын. Кеше көрген, жаңа ғана қасыңнан кеткен адам бір сәтте оққа ұшып, жоқ болғаны сондай ауыр қасірет. Мен соның бәрін көрдім. Қазір ол күндерді еске алу маған өте ауыр. Соғысы құрысын, ондай күндерді сендердің бастарыңа бермей-ақ койсын» деп отыратын.
Сұлтан аға 1943 жылдың ақпан айында ауыр жараланып, елге оралады. Аз ғана уақыт мектепке орналасып жүмыс істейді. Бірақ, жазуға деген кұштарлық оны баспасөзге қайтып әкеледі. Сөйтіп облыстық «Ленин жолы», Тереңөзек, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш аудандық газеттерінде бөлім басшысы, жауапты хатшы, редактор қыз­меттерін атқарған. Жо­ғарыда аталған аудандарда об­лыстық газеттің меншікті тілшісі болып абыройлы еңбек еткен.

Сұлтан Қожа­ния­зовтың көп­теген сын-сықақ мате­риалда­рымен фельетондары республикалық «Ара», «Социалистік Қазақ­стан», «Мәде­ниет және тұрмыс», «Қазақстан әйел­­дері» журналдарында жарық көрген. Бірнеше фельетоны Темірбек Қожакеев кұрастырған «Бұл кім өзі» атты жинаққа енген. Шыншыл, турасын айтып туғанына жақпайтын, айтқанынан қайтпайтын, ешкімге жалтақтамайтын тура мінезді Сұлтекеңнің жазғандарынан аудан басшылары именетін болған. Талай қиюы қашқан тірліктердің түзелуіне сеп болған, талай әділетсіздік кұрбаны болып, жылаған жанға демеу болған майдангер-журналист өзінің 50 жылдық ғұмырын баспасөзге арнаған.

Ағайдың мінезі өте ашық болатын. Кез келген кісімен емін-еркін сөйлесіп, араласып кететін еді. Отырған жерін күлкіге қарық қылатын. Кішіпейіл, байқампаз, үлкенге ізетті, кішіге қамқор пейілін білдіріп жүретін еді. Жамандыққа жаны қас, жақсы істерге бастамашы болып халық жүрегіне жол тапқан кісі.

2015 жылы ағайдың 100 жылдығы қарсаңында белгілі этнограф-ғалым, жазушы Тынышбек Дайрабаевтың кұрастыруымен «Сұлтан Қожаниязов шығармалары» атты кітап жарық көрді. Көлемді, әдемі мұқабамен шығарылған кітап­тың демеушісі Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев. Кітапқа Сұлтекеңнің әр жылдары жарияланған шығармалары, мақалалары, түрлі жинақтарға енген өлеңдері, сын-сықақтары мен фельетондары енгізілген. Кейбір өлеңдердің 1938 жылы жазылғанын ескерсек, бұл дегеніңіз ұшан-теңіз еңбек екенін байқайсыз. «Сол үшін Тынышбек Дайрабаев ағамызға, демеушілік жасаған Абзал Ераливке алғысымыз шексіз» дейді Сұлтекеңнің бауырлары.
С.Қожаниязовты өзгелерден ерекшелеп тұра­тын қасиеті – оның еңбекқорлығы. Ол өмірден озғанша осы жолдан таймады.

Үстіміздегі жылы Сұлтан аға Қожания­зовтың туғанына 110 жыл толды. Осыған орай ол кісінің бауыр­лары, ағайын-туыстары ас бермек. Оның үстіне өткен жылы республикалық ономастикалық комис­­сияның ше­шімімен Тереңөзек кентінің жаңа қоныстану аймағынан бір көшеге Сұлтан Қожаниязов есімі берілді. Бұл – аға рухына көрсетілген зор құрмет деп білеміз. Негізі, Сырдария ауданында майдангер есімін ұлықтау, оларға кұрмет көрсетудің өнегелі ізі қалыптасқан. Оның жарқын көрінісі, міне, көз алдымызда. Демек, май­дангердің екі бірдей соғысқа қатысып, келешек ұрпақтың алаңсыз өмір сүруі үшін төгілген қаны, төккен тері текке кетпегені. Міне, біз «Сұлтан Қожаниязовтың шекпенінен шыққандармыз» деп мақтанып айта алатын ұрпақтың өкілдеріміз. Тура жолдан таймай, жоқтың жоғын жоқтаған болсақ, ол да Сұлтан Қожаниязов, Ізхан Досмағанбетов, Абызбай Махамбетов, Болатбек Аманбаев, Келдібай Уайсов, Серік Әлімбетов, Бекнияз Шертаев, Байназар Сүлей­менов, Сергей Тоқсанбаев, Мұхтар Сақтапов, Тынышбек Дайра­баев, Қалман Төлегенов, Кеңескүл Жұмабаева, Айбүбі Алданова, Әнәпия Әбдірах­манова, Қалдыгүл Балшықбаева сияқ­ты аға-апалардан дарыған өнеге деп білемін.

Ел аузында «Сұлтекеңнің айтқандары» деген әңгіме көп. Соның бірнешеуін ағамыздың інісі, шағандық Тыныштық Қыстаубаев аға жазып берген еді.

Жолаушыларға лық толған автобус Тереңөзек-Шіркейлі бағытымен келіп Сырдария өзеніндегі пантон көпірінен өте алмай, тайғанақтап, әупіріммен көпір жиегіне ілігеді. Жолаушылар үрейленіп қалады. Сонда Сұлтекең: «Әй, шопыр бала, отырғандардың бәрі жүзу білмейді, байқа» деп үрейленген жолау­шыларды күлдірген екен.

Соғыстан кейін мектепке завуч болып орналасады. Қыстың күні аудандық оқу бөлімінің басшысы арнайы келіп тексереді (Қандай оймен келгенін өздері біледі). Келсе, мектеп директоры намазға, мұғалім аң аулауға кетіпті. Мектептің қарауылы есік ашпаған, от жағылмаған. Завучтан басқа ешкім жоқ. Балалар тоңған. Сонымен бұларды ауданға шақырып, жиналысқа салады. Оқу бөлімінің басшысы бар кінәні үйіп-төгіп Сұлтекеңе қарай бұра береді. Ауданның бірінші хатшысы: «Ал, завуч, сен не айтасың?» деп Сұлтекеңе қарайды. Сондағы ағаның айтқаны «Мектептің директоры – соқыр Байниязов, завуч – қотыр Қожаниязов, мұғалім – ақсақ Ақниязов (үшеуі де соғысқа қатысқан). Ал, қарауыл мен от жағушысы күнде науқас Айниязова болса, жұмыс қай кезде оңатын еді» деген екен. Хатшы аз-кем ойланып отырып «Бұл жұмыс істейтін адам, тиіспеңдер» депті.

Сәуле Ерімбет,
Қазақстан Журналис­тер
одағының мүшесі
11 қараша 2025 ж. 137 0