Медициналық сақтандыру – әр елде
Кез келген елдің медициналық сақтандыруы халық жағдайына қарай әртүрлі етіп жасалған. Міндетті медициналық сақтандырудың жүйелі жұмыс жасауы әр мемлекетте өзіндік қағидасымен ерекшеленеді. Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, яғни МӘМС жүйесі әлемнің аралас моделіне ұқсас. Мұнда мемлекеттік және жеке төлемдер қатар жүреді. Бұл сақтандыру арқылы халық базалық қызметтерді ала алады. Осындай ақпаратқа қанық болу үшін әлемнің алпауыт елдерінің медициналық сақтандыру жүйесіне ретімен тоқталсақ.Ең көне жүйелердің бастауы – Германия. Алғаш 1883 жылы «Бисмарк» моделі ретінде жарық көрген жүйе – жұмысшылар мен олардың отбасыларына арнап жасалған медициналық сақтандыру. Бұл «Бисмарк» моделі – қазіргі таңда бүкіл әлем бойынша жүзеге асып келе жатқан медициналық сақтандыру жүйесінің негізі әрі ең алғашқы бастамасы. Бүгінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы Германияның барлық азаматы сақтандырылуы керек. Бір ерекшелігі ММС-ті жұмыс беруші мен қызметкер бірге төлейді. Бұл жүйеде базалық қызметтен бөлек, емхана, аурухана, дәрі-дәрмек шығындары түгел қамтылған. Тағы бір ерекшелігі Германия азаматтарының 30 пайызы бұл ММС-тен бөлек жеке сақтандыруға да ақша төлейді. Яғни неміс халқы үшін жылдық медициналық шығын шамамен 9300-10000 долларды құрайды екен.
Ал халқы үшін медициналық сақтандыруды тегін әрі тиімді еткен Ұлыбритания билігінің «NHS» – ұлттық денсаулық сақтау қызметі өте қолжетімді. Мұнда сақтандыру қызметінің төлемі салық есебінен қаржыландырылады. Халыққа медициналық қызметтердің барлық түрі тегін. Жеке сақтандыру жүйелері де қарастырылған, тек халық еркінде. Бірақ бір осал тұсы медициналық қызметтердің кейбір түрлерін күтуге тура келеді. Тіпті ұзақ уақытқа созылатын кездері де болады екен. Дәл осындай мемлекеттік медициналық жүйе Канада да жүргізіледі, бір қызығы әр провинция өз жүйесін өздері басқарады.
Бұл жүйе бойынша елдердің алдыңғы көшін бастап тұрған – Жапония. Жалпыұлттық міндетті сақтандыру жүйесін енгізген жапон билігі халқы үшін арзан әрі сапалы медициналық қызметтерді ұсынады. Сақтандыру төлемі жылдық есеп бойынша өзге мемлекетке қарағанда салыстырмалы түрде арзанырақ. Демек, 6000-6200 долларды құраса да сапасы жоғары медициналық қызметімен көш бастап тұр.
Өзге мемлекеттің медициналық қызметіне қарағанда жылдамдығы мен сапасы жағынан Оңтүстік Корея мемлекетінің сақтандыруы ең тиімді жүйелердің бірі. Оның міндетті ұлттық сақтандыру жүйесі толықтай цифрландырылған әрі өте жылдам. Мемлекеттік қызметтерден бөлек, жеке клиника өте көп. Сапасына қарамастан бағасы да қолжетімді.
Ал медициналық сақтандыруы қымбат елдердің бірі – АҚШ. «Medicare», «Medicaid» сынды мемлекеттік бағдарламалары болғанымен сақтандыруы жоқ тұрғындар өте көп. Бұл мемлекетте жеке сақтандыруға басымдық берілген. АҚШ тұрғындарының біршамасы осындай жеке сақтандыруларды қолданады екен. Егерде сақтандыруың жоқ болса, медициналық қызметтер өте қымбат. Жылдық медициналық шығын шамамен орташа есеп бойынша 14 000-15 000 долларды құрайды.
Жалпы, аталған әр мемлекеттің медицина бағытында қалыптастырған жүйелері әртүрлі. Кейбірі тегін дегенмен, сақтандыруға төленетін төлем міндетті салық қаржысынан есептеледі. Сондықтан медициналық қызметті тиімді пайдалану үшін осындай арнайы жүйе құрастырған. Елімізде жүзеге асып келе жатқан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – ұтымды жүйелердің бірі. Жоғарыда атап өткендей әлем бойынша Қазақстанның сақтандыру жүйесі аралас моделге жатады. Жылдық шығын өзге елдерге қарағанда едәуір арзанырақ. Бірақ жапон билігі сияқты арзан әрі сапалы қызметті ұсыну деңгейіне жету үшін біршама уақыт керегі анық. Әлем бойынша медициналық әрі техникалық базасы жоғары мемлекеттердің қатарына ену үшін медицинаның ғылыми жүйесіне көптеп назар аудару қажет. Халыққа ұсынған әрбір қызмет сапалы болуы шарт. Бұл тұста қандай мемлекет көш бастап тұрғанын атап өттік. Дүниежүзі бойынша құрастырылған әрбір жүйенің ұтымды тұсын түйіп, оны өз жүйемізде қолданып көру артық етпейді деп ойлаймыз. Сондықтан халықтың қалтасына ауырлық салатын нәрсені емес, қызметтің сапасының жоғары болуын ескеруіміз керек.
Гүлсезім Табынбай










