Заманауи кітапхана – жаңа рухани орта
Жақында өткен Ұлттық құрылтайда облыс орталығында жаңа кітапхана салынатыны айтылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы аймақ орталығында жаңа 500 орындық емхана мен 200 орындық перзентхана және жаңа драма театры бой көтеретінін мәлімдеді. Аталған нысандардың құрылысы биыл басталатынын да атап өтті. Бұл Сыр бойының жұртшылығы үшін жаңа рухани даму жолы мен мәдени өзгерістің бастамасы болмақ. Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы жуырда Астана мен Алматы қаласында кітапханалардың құрылысы басталатынын және «Ұлттық цифрлық мұра» қоры құрылатынын айтып өтті. Цифрлық технология мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық мұрамыздың да соған сай өзектілігін нығайту керек екендігін де алға тартты. Осы тұста Сыр өңірінде заманауи кітапхана құрылысының басталуы – рухани мұраның жыл ағымына қарай тиісті дамуының көрінісі. Аймағымызда цифрландырылған заманауи кітапхананың бой көтеруі аудан кітапханаларының қарқынды дамып, цифрлық өзгеріске толықтай бет бұруына септігін тигізері анық. Қазіргі таңда аудандық кітапхана «Руханият орталығында» жұмысын жалғастырып келеді. Білім мен руханият ордасында түрлі елге белгілі ақын-жазушылардың, жергілікті ақындардың шығармашылық кештері ұйымдастырылып, жоғары деңгейде рухани даму ортасына айналды. Аудандық кітапхана директоры Рүстембек Мыңтайұлы бүгінде кітапхана жаңа кітаптармен толыққанын айтып өтті.
– Сырдария аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне 17 кітапхана кіреді. Оның ішінде аудандық орталық кітапхана, аудандық балалар кітапханасы және 15-і ауданға қарасты ауылдық округтерде. Кітапхана жүйесі бойынша кітап қорының саны 439 658-ді құрайды. Қазақ тіліндегі әдебиеттер саны 262 608 болса, аудандық орталық кітапхана мен аудандық балалар кітапханасының кітап қоры 115 507 дананы қамтиды. 2025 жылы кітапхана қоры жаңа 3033 кітаппен толықты. Жақында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы заманауи кітапхананың құрылысы басталатынын айтты. Сондай-ақ ұлттық мұраның заман талабына қарай сақталуы жайлы да пікірін жеткізді. Қазіргі таңда цифрландыру жүйесі дамығандықтан, құнды деректердің электронды нұсқасы болуы шарт. Аудандық орталық кітапхананың негізгі қызметінің бірі – электронды кітап қоры және электронды мәлімет базасын жинақтау. Арнайы бағдарлама жасалып, оған кітап қорының басым бөлігі мен жаңа әдебиеттердің де электронды базасы құрастырылуда. Бұл бағдарламаға бүгінде 429 477 дана кітап енгізіліп отыр. Кітапханаға келуші кез келген оқырман арнайы электронды каталог арқылы керек мәліметін іздей алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлттық цифрлық мұра» қоры бастамасы алдағы уақытта аудандық, ауылдық кітапханалардың цифрлық дамуына зор үлесін қосатыны анық. Сондықтан кез келген кітапхананың заман талабына сай жасақталып, оқырманға ыңғайлы әрі тиімді болуы шарт. Өңірдегі заманауи кітапхананың бой көтеруі аймаққа қарасты әр кітапхананың цифрлық даму жолын бірізділікке орнықтырары сөзсіз, – дейді Рүстембек Мыңтайұлы.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ











