Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Рухани стратегияның бастамасы – мәдениет пен өнер

Рухани стратегияның бастамасы – мәдениет пен өнер

Рухани қазына­ның іргетасы мәдениет пен өнерден бастау алады. Еліміздің тарихымен астасып жатқан өнері мен салт-санасы, аса құнды деп табылатын жәдігерлер – нағыз мәдени байлығымыз. Оның жыл сайын дамып, халық жадында ерекше орын алуында аянбай қызмет етіп жүрген сала мамандарының еңбегі зор. Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақта жаңа драма театры мен заманауи кітапхана салынатынын айтып өтті.

Бұл бастама Сыр елі үшін мәдени, рухани дамудың ай­рықша көрінісі болмақ. Бұған дейін де аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың бас­тамасымен әр ауданда «Руханият орталығы» бой көтеріп, музей, кітапхана, мұрағат секілді салалар халыққа жаңа деммен қызмет етуде. Мұндай орталық қала орталығынан да айрықша орын алып, қызметі мен инфрақұрылымы ерекше назар аударды. Ал бүгінде осы бағытты кеңірек дамытып, Мемлекет басшысының тапсырмасы айқын қолға алынуда.

«Мемлекеттік саясаттың страте­гиялық бағ­да­рының бірі – мәдениет пен өнер. Себебі, қоғамның санасы жаң­ғырмаса, реформалар ойда­ғыдай нәти­же бермейді. Бұл – ақиқат. Сондықтан біз руханият мәселелеріне айрықша мән береміз. Бұл салада бұрын-соңды бол­маған ауқымды шаруалар қолға алынады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал жаңа нысанның құрылысы биылдан қалмай бас­талуы қажеттігін нақты айтып өтті.

«Музей ісін дамыту – маңызды міндеттің бірі. Осы рет­те, Қызыл­ордада ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейін ерекше атап өткім келеді. Мен күзде қалаға жұмыс сапарымен келгенде мұражайды аралап көр­дім. Заман талабына сай салынған орталықта музей ісін ұйымдастырудың тың тәсілдері қолданылған. Бұл тәжірибені басқа облыстарға үлгі етуге болады. Қызылордада жаңа драма театр салу жоспарымызда бар, биыл құрылысты бастауымыз керек. Өткен сапарым­да мен облыстың зия­лы қауым өкілдерімен кездес­кен кезде заманауи кітапхана салу керек деп айттым. Енді бұл құрылыс биылдан бастап жүргізіледі» деген тапсырмасы шаһарымыздың қарқынды дамуының тағы бір белесі екені анық. Бұл тұста жаңа нысанды тиімді пайдаланып, сала бағыты мен жұмысын ұтымды ұйымдастыруда сала қызметкерлерінің біліктілігі өзге облыс мамандары үшін үлгі болмақ.

Алдағы уақытта бой көтергелі тұрған заманауи кітапхана – жас ұрпақ үшін сапалы әрі рухани білімнің қайнар көзі. Мәдени дамуда жаңа драма театрдың құрылысы – біз үшін жаңа дамудың кілті мен ай­рықша нысан. Осы тұста бұл саланың қарқынды дамуы мәдениет қыз­меткерлерінің алға жылжудағы нық қадамы болары анық.


Алмагүл БАҚТИЯРОВА,
Мәдениет саласының ардагері,
«Құрмет» орденінің иегері

21 қаңтар 2026 ж. 82 0