Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№2 газет

10 қаңтар 2026 ж.

№ 1 газет

06 қаңтар 2026 ж.

№ 100 газет

31 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Сағындырып жеткен бақыт

Сағындырып жеткен бақыт

Кенеттен келген бұл ауру мені демде төсекке таңып тастады. Құдды бір қара түнек секілді. Терезенің ар жағынан күн өтіп жатқанымен, уақыттың қалай өтіп жатқанын да сезбедім. Осындай сәтте мені бір ғана адам ұмытпады, ол – келінім бола­тын. Жеті күн қатарынан үйге келіп, тым-тырыс, көлеңке сияқты үйде аяғының ұшымен жүрді. Азық-түлік әкеліп, ыстық сорпа қайнатты, үй ішін реттестіріп, қасықпен тамақ­тандырды. Сөйтіп, тым-тырыс кетіп қалады. Осы күндері мен бірде-бір орнымнан тұрмадым, бөлмеден әрі шық­падым, тіпті келінімнен жағдайын да сұрамадым.

Біраз уақыт өткен соң күшім қайта оралып, аяғыма тұрдым. Дә­лізге шыққанымда аң-таң болып ор­нымда тұрып қалдым. Сол сәтте мен келінімнің қандай адам екенін, мен ойлағандай адам болмағанын түсіндім.

Жатын бөлмемнен шығып ал­ғашқы қадамымды жасағанымда мүл­­дем басқа үйге кіріп кеткендей сезін­дім. Бұл менің өмір бақи тұрған үйім емес еді, айналамның барлығы кере­мет өзгеріске енген. Бұлай болуы мүмкін емес деп ойладым, үйдің іші шашылып жататын, себебі үй мен жұмыстың арасында жүріп, шаршай­тынмын. Үй ішін реттеуге шамам келмейтін, оның үстіне төтеннен келген мына дерт тұрмысыма қарауға мүм­­кіндік бермеді. Бірақ менің көзім­нің алдындағы мына керемет көрі­ніс еріксіз таңданысқа әкелді, не бол­ғанын түсінбей есіктің тұтқасынан ұс­тап тұрып қалдым.

Үйім айнадай жарқырап тұр

Иә, шын мәнінде үйімнің іші айнадай жарқырап тұр екен. Тап-таза, айна­лама жылылық орнағандай. Ас бөл­месіндегі ыбырсып жататын артық заттар, целофан пакетке салынған тағамдардың бірі жоқ. Терезе алдында шашылып жатқан зат көрмедім, тек қана үшбұрыш етіп оралған қол сүрткіш орамал мен әдемілеп байланған бір шоқ жасыл укроп тұр. Үстел үстінде шағын вазада даладан жаңа ғана жұлып әкелгендей түймедақ гүлі тұр, бұл көрініс үй ішіне таза тыныс беріп тұрғандай. Ас бөл­меге кіргенімде қолым қалтырап кетті. «Бұл не?» деген сұрақ ойыма келді, ал оның жауабы түсінікті еді.

Тоңазытқышты ашқанымда ішін­дегі зат­тардың барлығы ретімен орналасқан. Ыдыстың сыртында әде­мі қолтаңбамен жазылған жазуға көзім түсті. «Сорпа, бейсенбі», «Ботқа, таңертең», «Сорпа, бүгін». Мұздатқыштың ішінде мұзға сіресіп жататын артық бірде бір целофан пакет көрмедім. Бұзылған заттың бәрі тас­талған, қалғанын сөрелерге реттеп жинап қойған. Бұл үйдің нағыз иесінің істеген ісі еді, өте қамқор, мұқият адамның ісі. Одан әрі қонақ бөлмеге бар­дым. Онда да барлығы таза, жи­налған. Диванда жатқан жамылғы ұқыпты етіп бүктелген. Үстел үстінде жататын кітаптар да жоғары сөреге жиналған, терезе де тап таза, пердесі жаңа ғана жуылғандай жарқырап тұр. Бұл көріністі көрген соң, жайлап орын­дыққа отырдым.

«Тәңірім-ау» деп күрсіндім. Мен оған алғысымды да айтпадым ғой...

Менің жүрегімде өзіме деген жиір­кеніш пайда болды. Ұяттан кірер тесік тап­падым. Ойыма бұрын келініме қалай қарағаным түсті. Онымен ара қаты­насымыз, қатты сөздерім, осы сәтте келінімді жек көргеніме ұялдым. Менің ойымда тек қана «баламның теңі емес» деген орала беретін. Ол өте жұмсақ, тым мейірімді еді. Ойым­дағыдай емес. Ал ол болса жеті күн бойы менің қамыммен жүріпті, менің үйімді реттеп, денсаулығыма алаң­дапты. Бұны бөтен адам емес, менің туған қызымдай істеген. Көзім­нен жас ытқып кетті, әлем тұман­данып кеткендей болды. Бұл тек басы болатын.

Қақпа алдындағы көрші

Таза ауа жұту үшін сыртқа шық­тым. Қақпа алдында көршім Валентина Ивановнаны кезіктірдім. Бұл әйелдің тілі ащы болатын, тілімен орап, барлық жаңалықты интернеттен де бұрын білетін.

Көршім мені көре сала:
– Марина Степановна! Сіз тірісіз бе! Жақсы болды! Біз басқаша ойладық, – деп менің түріме қарады да – Кешір, қорқытайын дегенім жоқ. Тыңда, сенің келінің періште ғой, мені тыңда.

– Неге... періште?
Көршім қолын бір сілтеді де:

– Жеті күн! Жеті! Сенің үйіңде тұрды, әрі-бері жүгіріп жүрді, үй тірлігін жасады, азық-түлік тасыды... Мен алдымен осында көшіп келген бе деп ойладым. Сосын – сіз оған ақы төлеп отырған шығарсыз деген ой келді. Ал ол болса: «Бұл менің отбасым ғой» дейді. Түсінесің бе?
Ішімде бірдеңе бүлк еткендей болды.

– Ол менің үйімде тұрды ма? – деп қайта сұрадым, сенбей.

– Иә, түнімен отырды! Сізге бір­деңе болып қала ма деп қорық­ты. Мен көрдім, жарық өшпеді. Бір рет қана кетіп қалды – екі сағатқа. Сосын дереу қайтып келді.

Аяғымның астындағы жер тербелгендей болды. Түнімен осында болды дейсің бе? Мен ұйықтап жатқанда, мен ауырғанда, жөтелгенде, мен қорыққанда жанымда болды ма?

– Сондықтан сен оның жақсылығын ұмытпа, мұндай қыздарды қазір шаммен іздеп таппайсың.
Әрі қарай мен оны тыңдамадым. Көз алдым­да бір ға­на сурет тұр­­ды. Келі­нім­нің жанымда, дәлізде отыр­­­ғаны, ескі жамыл­ғы­ны жа­мылып отыр­­ғаны, қо­лын­да телефон, ме­нің әр­бір тыны­сыма құ­лақ са­­лып, жөтел­ге­німді тың­­­­дап отырғаны елес­теді.

Баламмен әңгіме

Ұлым сол күні кеш­кі­­сін қоңырау соқты.

– Анашым, халіңіз қалай? Дауы­сы­ңыз жақсарыпты? – деді ол.
– Жақсымын – деп жауап қаттым, бірақ дауысымда діріл бар. – Айтшы, сен оның түнімен қасымда қалғанын, қона жатқанын білдің бе?
Балам үндемеді.

– Анашым... – деді бір кезде. – Ол айтпауымды өтінді.
– Неге?

– Сізді аяушылық білдіргенді жақ­тырмайды деп айтты. Егер айтса, оны үйіңізден қуып жібересіз деп ойлады.
Осы сөзден соң жүрегім елжіреді. Бұл рас тұғын. Мен өзімді өте күштімін деп есептедім. Өзіммен өзім өмір сүре аламын деп және ешкімнің көмегін қажет етпеймін деп, туыстардан алыс жүруге тырыстым. Келіннен болса да алшақ болдым.
– Анашым, – деді балам. – Ол сені шынымен жақсы көреді. Мен араларыңда не болғанын біл­меймін, бірақ ол сені туған анасын­дай қатты уайымдады.

– Мен ондайға лайық емеспін, – дедім сәл сыбырлап.
– Бірақ ол лайық болдым деп ойлады, – деді ұл.

Сонда мен бұдан былай бұрын­ғыдай болмайтынын түсіндім. Енді мен өзімнен гөрі оған көп нәрсе беруім керек.

Күтпеген із

Келесі күні таңертең дәрі-дәрмек салынған шкафтың ішін реттейін деп есігін аштым. Шкафтың ішін көріп, кораптағы жазуды көрдім.
«Марина Степановнаға, егер жағ­дайы нашарласа».
Қолым дірілдеп кетті. Қорапта ыстықты түсіретін жаңа дәрілер, салфеткалар, қолға арналған крем, екі жаңа орамал және кішкентай қағазға жазылған хат жатыр екен. Хатты ашып оқығанымда, жүрегімнен тоқ өт­кендей болды.
«Өтінемін, уайымдамаңыз. Мен жа­ны­ңыздамын. Сіз сауығасыз. Сіз – біздің үйдің бір бөлігісіз». Кім жаз­ғаны көрсетілмеген. Бірақ жазуын таныдым. Осы сәтте тұла бойымнан жылдар бойы ішімде сақтап келген бір қара нәрсе шыққандай болды. Бұрын «баламның әйелі» деп қана қабылдаған сезім жан дүниемді астаң-кестең етті. Жүрегім жылып, жайлылық орнағандай болды. Бұ­рынғы реніштің бәрі кетіп, тек қана ризашылық пен ұят деген ой болды.


Қайта оралған естеліктер

Менің есіме бұрынғы қарым-қатынасым түсті. Олар үйленгендегі алғашқы жылдары кез келген ұсақ-түйекке тиісе беретінім.
«Тамақты дұрыс істемедің. Дұ­рыс үтікте­медің. Өте сабырлысың. Өзге­ні ойлайсың. Дұрыс емессің» дегенді үнемі айтатынмын. Мен өзімді басқа да енелер сияқты көп біле­мін деп санадым. Ал ол болса үндемейтін. Күлімсіреп жүре береді. Пирог әкелемін. Мейрамдарда қоңы­рау ша­ламын. Оның күлімдеген жүзінен шынайылылықты емес, сы­пайы­лылықты көретінмін. Оның тым жұм­сақтығы жыныма тиетін. Мен «балама мықты әйел керек» деп ойладым.

Ал қазір... Күш басқа болатынын түсіндім. Күш айқайлап, салғаласып, бірдемені дәлелдеп жататын адамда емес, жай ғана тірлігін істеп жүре беретін адамда болатынын білдім. Бұл өте дұрыс еді.

Ол келген күн

Сауыққаннан кейін үшінші күні есігімді біреу жай ғана тоқылдатты. Есікті өзім аштым. Есік алдында келінім тұр, шаршаған, қолында азық-түлік салынған сөмке, үстіндегі паль­тосында жаңбырдың суы жалтырап тұр. Мені аяғыммен тұрғанымды көре сала шынайы күлімдеді.
– Марина Степановна ... орны­ңыздан тұрыпсыз ғой! – деді қуанып, – Халіңіз қалай?
– Жақсымын, – деп дауысым діріл­деп шықты. – Кіре ғой, жаным.
Ол мазамды алмайын деп абайлап кірді. Ас бөлмеге кіргенде мен:
– Саған үлкен рақмет, барлығы үшін.
Көзін жыпылықтатқан күйі сәл артқа шегініп:

– Не үшін? – деді.

Мен оған жақындай түстім.

– Менің жанымда болғаның үшін. Маған қамқорлық жасағаныңа. Сен туралы жаман ойладым, ал сен менің өмір сүруіме барлығын жасадың.
Ол көзін төмен түсірді.

– Бұл заңдылық қой, – деді ол. – Сіз – менің отбасымсыз.
Ал мен не айтарымды білмедім. Өйткені сол мезетте менің ешқашан қызымның болмағанын түсіндім. Бірақ Құдай менен жанымда осы кезде кім болғанын сұраса, мен оның есімін айтар едім.

Бибісара ЖАНӘЛІ
Жалғасы бар...
10 қаңтар 2026 ж. 426 0