Еркіндік пен табыс жылы –жылқы
Есігімізден шығып бара жатқан жылан жылында жетістікке толы күндер көп болды десек, артық айтқандық емес. Ең алдымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше мәрте шетелге сапарлап, өзге ел басшыларымен кездесу өткізді. Мемлекеттік, ресми және бейресми өткізілген әрбір жиында еліміз үшін маңызды құжаттарға қол қойылды. Инвестиция тарту, ел экономикасын тұрақтандыру, ішкі және сыртқы саясатты жүргізу барысында ауқымды жұмыс атқарылды. Елімізге де мәртебелі қонақтар келіп, Қазақстанмен әріптестік байланыс орнатуға ниетті екенін аңғартты. Ал жаңа жылдан жақсылық күтетініміз анық.Қазақта жылқы жылын жұтсыз, берекелі жылға санайды. Мал өсіп-өнетін, табыс молаятын сәтті жыл деп күтеді. 2025 жылды Сыр өңірі табысты қорытындылап отыр. Облыс көлемінде әлеуметтік нысандар ашылып, «көгілдір отынға» қосылған елді мекен қатары көбейді. Қомақты инвестиция тартылып, бас шаһар мен 7 ауданның әлеуеті арта түсті. Биыл Қызылордада жаңа стадион салынып, халық игілігіне берілді. Халықаралық, республикалық деңгейде бірқатар келелі жиын өтіп, өңіріміз ойлы көзқарас пен пікірталас алаңына айналды. Алдағы уақытта қолға алынған барлық жоба сәтімен жүзеге аса бермек.
Сырдария ауданы да жағымды жаңалығымен жұртшылықты қуантуда. Елді мекендердегі көшелер жөнделіп, денсаулық сақтау саласының мекемелері жаңғыртудан өтті. «Көгілдір отынның» игілігін көрген сырдариялықтардың қатары өсті. Ауданда жаңа вокзалдың құрылысы басталды. Дарынды жастар білімде, талантты өнерпаз легі өнерде, жігері мықты спортшылар байрақты бәсекеде топ жарды, аудан мерейін тасытты. Үздіктер санатына кіретін әрбір аудан халқының қоғамдағы орны ерекше.
Ауыл шаруашылығы саласында да алға жылжу бар. Биыл шаруа біткен су тапшылығына қарамастан межелі өнімді жинады. Сыр салысын жинауда табандылық көрсетті. Жалпы алғанда, аудан өмірінде тұрақтылық пен бірлік берік сақталып, ескі жылды тек жақсылықпен шығарып салып отыр.
Жалпы елімізде бұған дейін жылқы жылында біршама елеулі оқиға орын алған. Осыдан 35 жыл бұрын Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация тәуелсіздікке бастар жолдың алғашқы әрі батыл қадамына айналғанын айта кетейік. 2002 жылы Түркістан қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы ұлт бірлігі мен рухани тұтастықты нығайтқан маңызды тарихи оқиға санатына кірді. 2014 жылы Мемлекет басшысы елімізді «Қазақ Елі» деп атауды ресми түрде ұсынған болатын. Ал нумерологтар жылқы жылында адамдар тәуекелге барып, тез шешім қабылдайтынын алға тартып отыр. Мамандардың айтуынша, алдағы жыл ғалымдар мен спортшылар үшін табысты болмақ. IT саласында тың жаңалықтар орын алады. 2026 жылдың екінші жартысында жастар үшін отбасын құру қолайлы уақыт. Білім алуға инвестиция құйған жұртшылық табысты болмақ.
Айта кетейік, зейнетақы мен жәрдемақы көтеріліп, әлеуметтік жағдайға көңіл бөлінеді. Өз кезегінде елімізде 2026 жылы бірнеше ұлт зиялысы мен ақын-жазушының мерейтойы атап өтіледі. Ең басты құндылық – еліміздің тәуелсіздік алғанына 35 жыл толады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөз









