Жылан жылы жақсылыққа толы болады
Санаулы сағаттардан кейін ұлу жылын қорытындылап, жылан жылына құтты қадам басамыз. Бұл – ұлу жылынан кейін, жылқы жылынан бұрын келетін мүшел есебінің алтыншы жылы. Әне-міне дегенше есігімізден еніп, төрімізге озғалы тұрған жылдан не күтеміз, елімізде қандай өзгерістер болады? Осы және өзге де сұрақтар төңірегін мамандар пікіріне сүйеніп, топшыладық.
Шығыс жорамалы бойынша, жылан жылы – данышпандықтың, мықты ерік-жігер мен көрегендіктің нышаны. Жыл түбегейлі реформалар мен кез келген мәселені бейбіт жолмен шешуге бағытталса, өз жемісін береді. «Бұл жылы қиылған неке өзінің ұзақтығымен есте қалады» дейді мамандар. Сондай-ақ ғылым-біліммен айналысушылар үшін сәтті жыл болмақ.
Жылан жылы – қазақ дәстүрінде ақыл-парасаттың, сақтық пен терең ойдың символы. Атаулы жылды қазақ халқы ерекше құрметтеген. Өйткені жылан өзінің табиғатынан тепе-теңдікті сақтаушы ретінде танылған. Қазақ пайымында жыланға құрметпен қарау қалыптасқан. Халық даналығындағы жыланға қатысты пәлсапалар мен аңыз әңгімелер – сөзімізге дәлел. Үйге кірген жыланның басына ақ құйып шығарып салу дәстүрі де жайдан-жай емес. Айтпақшы, жылан жүрген жерде алтын, байлық бар деп көздейтін түсінікке сүйенсек, келер жылы ел-халықтың әлеуметіік ахуалы да алға жылжиды деп күтіледі. Десек те жылан жылы тыныштық пен сақтықты талап етеді. Қай істе де асығыстыққа жол бермеу маңызды.
Аталған мүшел жыл қазақ тарихында маңызды оқиғалармен есте қалған. Бұл жылға сәйкес келген уақыт өзгерістер мен сынақтарға толы болған. Алайда халық қиындықты еңсеру арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол аша алған. Тарихқа көз жүгіртсек, жылан жылы қыс қатты, жаз аптап ыстық болып, небір саяси өзгерістер орын алған. Мәселен, 1905, 1917, 1929, 1941, 1953, 1965, 1977, 1989 жылдарды еске алсақ, әрбір жыл белгілі бір тарихи кезеңді еске түсіреді. Десек те бұл кезеңдерді дүние тарихына оң өзгеріс алып келген оқиғалар ретінде бағамдауға болады. Ал бұның алдын жылан жылы 2013 жылға сәйкес келді. Америкалық сараптамалық орталықтың хабарлауынша, ол адамзат тарихындағы ең қолайлы жыл болған. Атап айтар болсақ, сол жылы өлім-жітім саны азайып, әлемде кедейлік деңгейі төмендеген. Сонымен қатар қылмыс саны да жылдағыдан аз тіркелген. Келтірілген мысалдар жоғарыда айтып өткен жылан жылының жайлы жыл болуын дәлелдей түседі.
2025 жыл қазақстандықтар үшін де бірқатар өзгеріске толы болмақ. Атап айтқанда, айлық есептік көрсеткіш, ең төменгі күнкөріс деңгейі, зейнетақы, жәрдемақы мөлшері белгілі есептілікке сай артады. Соған сай айыппұлдар көлемі де көбеймек.
Ал зерттеушілердің пікіріне сүйенсек, жылан жылы дүниеге келген адамдардың интуициясы жоғары болады. Бұл жылы ақылды, сабырлы, табанды шешім қабылдай алатын, құпияшыл адамдар дүниеге келеді екен.
Әр жылдың өзіндік ерекшелігі бар екенін ескерсек, жылан жылы да халқымыз үшін тек жыл қайыру жүйесінің бір бөлігі емес, терең мағыналы кезең екенін айтып өту орынды. Халық танымынан аспай, жұртшылық әр жылдан жаңа бастама, үлкен үміт күтері сөзсіз. Ендеше төрімізге озғалы отырған жыл жақсылығымен, берекесімен, абырой-амандығымен келсін! Төрлет, құтты Жаңа жыл!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Belian Studio / Shutterstock / FOTODOM