Облыс әкімінің құттықтауы
Санаулы сәттерден соң егемен елімізге, әрбір шаңыраққа Жаңа 2023 жыл қадам басады.
Біз әрбір жылды өз жетістігімен шығарып салып, Жаңа жылды үкілеген үмітпен, игі тілекпен қарсы аламыз. Алдымызға жаңа мақсат-міндеттер қойып, келген жылдан жақсылық, жағымды нәтиже күтеміз.
Өткен Барыс жылына өкпеміз жоқ.
2022 жыл еліміз үшін де, аймағымыз үшін де оң өзгерістерге толы берекелі де жемісті, жетістіктері мол жыл болды.
Бүкілхалықтық референдумда Конституцияға өзгертулер енгізілді.
Қазақстан Республикасының Президентін сайлауға Сыр халқы айтарлықтай белсенділікпен қатысып, жоғары нәтиже көрсетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен Сыр елінде тың жобалар өркен жайып, ауқымды инвестициялар тартылып, тіректі салаларда серпінді қадамдар жасалды.
Премьер-Министр Әлихан Асханұлы Смайылов жұмыс сапарымен келіп, Қызылорда облысында жасалған жұмыстарды өз көзімен көріп, оң баға берді.
Облыста барлық сала бойынша нәтижелі көрсеткіш бар.
Мұнай өндіру көлемі азайды десек те, экономиканы әртараптандыруға бағытталған айтулы бастамалар мен ауқымды жобалар іске асты.
Облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында әлеуметтік нысандар, сумен, жарықпен және газбен қамтамасыз ету мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп, елді мекендердің жолдары жөнделіп, салынуда.
Биыл су тапшылығының қиындықтарына қарамастан Сыр диқандары нәтижелі жетістіктерге қол жеткізді.
Еліміз үшін маңызды Шыны зауыты іске қосылды.
Шетелдік инвесторлармен жаңа жылу-электр орталығының іргетасы қаланды.
Облыс орталығындағы күрделі мәселенің бірі – автобус мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде.
Балалар жылына орай демеушілердің қолдауымен спорттық ойын алаңдары салынды.
«Неке сарайы», «Өнер орталығы», «Қан орталығының» құрылысы жүруде. Демеушілер «Анаға тағзым» орталығын салуда, әуежайдың жаңа терминалы, жаңа стадион мен заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайы» бой көтереді.
Алдағы 3 жылда аймақта апаттық және үш ауысымды мектептер жойылады. Көптеген денсаулық сақтау нысандары халық игілігіне беріледі.
Негізгі жетістіктерге тоқталып өттім. Бұның барлығы – Сыр азаматтарының адал еңбегінің, жұдырықтай жұмылған бірлігі мен тірлігінің жемісі!
Құрметті жерлестер!
Ақ пейілді, дархан көңілді Сыр жұрты қашанда береке-бірлігімен, тату-тәтті тірлігімен төрге озған.
Алдағы жыл еліміз үшін, қасиеті мен киесі қатар қонған Сыр өңірі үшін берекелі, табысты жыл болғай!
Жаңа жыл әрбір шаңыраққа құт-берекесімен, ырыс-несібесімен, толайым табыстарымен келсін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!
Жаңа 2023 жыл құтты болсын!
Ізгі тілекпен,
облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев