Шағандықтардың мерейі тасыды
Биыл Шаған ауылының халқы жылды табысты қорытындылап отыр. Бірлігі бекем, тірлігі көркем елді мекенде «көгілдір отын» кіргізіліп, бірқатар көше жөндеуден өтті. Ауыл тұрғындарының тұрмысы түзеліп, әрбір күн еңбек пен тіршілік қамына толы қарбаласпен өтуде. Жақында Шаған ауылдық мәдениет үйінде жылдың қорытындысына арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, үздіктер құрмет төрінен көрінді.Жиынды ашқан ауыл әкімі Қанат Несіпбаев жиналған жұртшылықты Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Өтіп бара жатқан жыл ауылымыз үшін берекелі де мазмұнды болды. Бірлесе атқарған еңбектің арқасында елді мекеннің әлеуметтік жағдайы жақсарып, бірқатар маңызды жұмыс жүзеге асты. Ауылдың көркеюі мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру жолында сіздердің қолдауларыңыз бен бірліктеріңіз үлкен рөл атқарды. Жаңа жыл – жаңа үміт пен жарқын бастамалардың кезеңі. Алдағы уақытта да ауылымыздың дамуы жолында бірлесе еңбек етіп, берекелі істерді жалғастыра береміз деп сенемін. Шаған ауылында алдағы уақытта бірнеше жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Баршаңызды мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық пен табыс тілеймін, – деді ауыл әкімі.
Өз кезегінде жыл бойы табанды еңбек еткен бірнеше адам ауыл әкімінің марапатына ие болды. «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында ауыл тазалығына жауапты болып, адал қызмет атқарған жандарға құрмет көрсетілді. Үздіктер қатарында сан салада еңбек етіп, ерік-жігері мен кәсіби біліктілігін танытқан бірқатар маман болды. Кәсіпкерлік, мәдениет, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру секілді әрбір салада еңбек етіп жүрген азаматтардың мерейі өсіп, мәртебесі биіктеді.
Жылқы жылынан зор үміт күтетін жерлестерін ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Абдулла Атақаев та құттықтады. Ал жыл қорытындысы бойынша «Үздік мекеме» номинациясын жеңіп алған ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем ән мен күйден шашу шашты.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ











