Пашинянды Сырдариямен не байланыстырады?
Жуырда елімізге ресми сапармен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян келгені мәлім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Премьер-министрімен келіссөз жүргізіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсті. Шын мәнінде, екіжақты қарым-қатынасты тереңдетуге және ынтымақтастықты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге бағытталған кездесу барысында ерекше жағдай орын алды. Республика көлемінде кеңінен ақпараттандырылған ресми сапардың басты қонағы – Армения Премьер-министрі Никол Пашинянды Сырдағы Тереңөзекпен не байланыстырғанын білесіз бе?Білмесеңіз, айта кетейік: Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Қазақстанға келе жатып, ұшақта қазақтың әнін тыңдаған сәтін әлеуметтік желіге жариялап, оған ерекше жоғары бағасын берген. Никол Пашинянның көңілінен шығып, талғам таразысынан өткен шығармашылық туынды – тереңөзектік Баян Сағындықова орындайтын «Ауа рай» әні еді. Қазіргі уақытта «Ютуб» әлеуметтік желісінде 22 миллионға жуық қаралым жинаған бұл әннің орындаушысымен 2025 жылдың 14 қазанындағы №78 нөмірлі газетте «Миллиондаған қаралым: тыңдарман жүрегінен жол тапқан жұлдыз» тақырыбында эксклюзив сұхбат жасаған болатынбыз. Талантты ару бүгінде ән әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдыру жолында тынбай еңбек етіп келеді. Жас продюсер Әлішер Бұрхановтың жетекшілігімен алдағы уақытта жерлесіміздің бірнеше жаңа әні жарық көріп, жұлдызы жарқырай беретіні сөзсіз.
Ресми сапары барысында Мемлекет басшысы Никол Пашинянның елі үшін жасап жатқан еңбегін айрықша атап өтті.
– Сіздің көреген басшылығыңыздың арқасында Армения орнықты даму жолына түсіп, халықаралық аренадағы позициясын нығайтты. Сондай-ақ ішкі және сыртқы саясатта парасатты, жауапты ұстанымымен үлгі көрсетіп отыр. Сіз өте күрделі геосаяси ахуалда қалыптан тыс әрі батыл шешім қабылдадыңыз. Түптің түбінде бұл армян халқына пайдасын тигізетін өте құнды шешім болды. Достас, бауырлас Армения бейбітшілік пен орнықты даму жолын таңдағаны анық. Бұл істе Сіздің тарихи еңбегіңіз зор. Вашингтонда қабылданған Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келісімді ілгерілетуде елеулі рөл атқарғаныңызды атап өткім келеді, – деді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде екі ел арасындағы берік байланысты нығайта отырып, ресми делегация мүшелері үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарға қол қойды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ











