Шағандықтар – кұрмет төрінде
Сырдария ауданында Тереңөзек кентінен кейін көлемі жағынан Шаған ауылы алдыңғы орында тұрады. Ынтымағы жарасқан ауыл халқының қым-қуыт тіршілігі еш уақытта тоқтаған емес. Қазаны оттан түспеген жергілікті тұрғындар жылды табысты қорытындылап отыр. Апта ағымында ауылдық мәдениет үйінде үздіктерді марапаттау мақсатында жылдың қорытынды іс-шарасы өткізілді.
Салтанаты іс-шарада ауыл әкімі Нұғман Смайлов жиналған көпшілікті Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
– Ертеректен өріске малы жайылып, қырманы астыққа толған Шаған ауылының халқын Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Елді мекенде жыл көлемінде бірқатар ауқымды жоба жүзеге асырылды. Электр желісі жаңартылып, өзге де жұмыстар назардан тыс қалмады. Келер жылдың басты жаңалығы елді мекенге «көгілдір отын» кіргізу жұмысы басталады. Сан салада қызмет ететін ауылдастарымыз жылды табысты қорытындылауда. Дәстүр бойынша «Жыл үздіктері» марапат төрінен көрінбек. Алдағы уақытта елді мекеннің инфрақұрылымдық, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында ауқымды жобаларға иек артамыз, – деді ауыл әкімі.
Ең алдымен, жыл бойына ауыл тазалығына белсене араласқан қызметкерлер марапат төрінен көрінді. Әрине, еңбек адамына лайықты құрмет көрсету – заңдылық. Күнделікті ауыл тазалығына бей-жай қарамай, қажыр-қайратын көрсеткен олардың еңбегі ерекше. Аптап ыстықта, қаһары қатты аязда ауылды күл-қоқыстан арылту оңай шаруа емес. Бұдан кейін «Жыл үздігі – 2024» кешінің басты кейіпкерлеріне құрмет көрсетілді.
Айта кетейік, «Үздік мемлекеттік қызметкер» аталымына ауыл әкімшілігінің жетекші маманы Гүлсім Асқарова, «Үздік мұғалім» номинациясына №37 мектеп-лицейдің ұстазы Татьяна Казка, «Үздік қызметкер» номинациясына «Балбөбек» бөбекжай балабақшасының маманы Ботакөз Жаңабаева мен байланыс және ақпараттандыру бөлімшесінің қызметкері Ғани Әбдікәрімов, «Үздік шаруашылық меңгерушісі» номинациясына №14 «Алтын сақа – Шаған» балабақшасының маманы Бахытжан Өтетілеуов ие болды. Ал «Үздік жаттықтырушы» номинациясын №12 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің мұғалімі Рамазан Мейрамбеков, «Үздік мейірбике» номинациясын ауылдық амбулаторияның медбикесі Бақыткүл Қожахметова, «Үздік тәрбиеші көмекшісі» номинациясын «Нұр-Ай Сая» балабақшасының маманы Жұмагүл Досмағанбетова еншіледі. Сонымен қатар «Үздік мекеме – 2024» мәртебесіне №37 мектеп-лицей ұжымы қол жеткізді. Салтанатты іс-шарада ауыл өнерпаздары өнер көрсетті.
Б.ОРДАБЕКОВ