Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тойға тарту болған табиғи газ

Тойға тарту болған табиғи газ

Сүйінші, ағайын! Сырдария ауданының 95 жылдық мерейтойына орай Қалжан ахун ауылы табиғи газға қосылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Н.Нәлібаев, облыстық мәслихат төрағасы Н.Байқадамов, Қазақстанның Еңбек Ері А.Ералиев, аудан әкімі Б.Сәрменбаев арнайы қатысты. Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын елді мекенге «көгілдір отынның» жеткізілуімен құттықтады.

Облыс әкімі аймақ жұртшылығының өңірдің 85 жылдық мерейтойына зор қуанышпен, жарқын жетістіктермен жетіп отырғанын айтты. Жақында ғана Мемлекет басшысы облысқа жұмыс сапарымен келгенін, атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға бергенін атап өтті.

«Баршаңызды бірлігі бекем, тірлігі берекелі Қалжан ахун ауылының «көгілдір отынға» қосылуымен шын жүректен құттықтаймын.Бұл тұрғындардың көптен бергі арманы еді. Президентіміз бен Үкіметтің Сыр өңіріне ерекше қолдауының арқасында аймақ бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 57 пайызға өсіп, 609 млрд теңгені құрады. Оның ішінде Сырдария ауданының бюджеті 10,3 млрд теңгеге жетті. Бұл қаражат өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға жұмсалуда.

Облысты газдандыру жоспарының нәтижесі жылдан-жылға жақсарып келеді. Биыл 12 ауылдық елді мекенге газ кіргізу жұмыстары бас­талды, бұл – 40 мыңнан астам тұрғын табиғи газ­дың игілігін көреді деген сөз. Осылайша өңірде газ­бен қамту көрсеткіші 75 пайызға жеткізіледі. Келесі жылы да бұл жұмыстар жалғасады. Республикалық бюджеттен 12 млрд теңгеге 12 ауылға «көгілдір отын» кіргізу жобалары қолдау тапты. Алдағы жылы осы ауданның А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин ауылдарына газ жүргізетін боламыз. Шаған ауылына 2024 жылға республикалық бюджетке қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім ұсынылды. Бүгін Қалжан ахун ауылына келген «көгілдір отын» көптің игілігіне ай­налып, тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік жағдайды жақсартуға оң әс­ер етеді деп сенемін», – деді аймақ басшысы.

Іс-шарада «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында Қалжан ахун ауылына газ жүргізуге үлес қосқан аза­маттар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ауыл ардагері Б.Дүйсенбаев ақ батасын беріп, ел азаматтарының жұмысына сәттілік тіледі.

Рәсімнен кейін облыс әкімі табиғи газ игілігін көрген үйге кіріп, үй иесіне ізгі тілегін білдірді.

Айта кетейік, биыл Сырдария ауданында бірқатар маңызды жоба қолға алынуда. Өңірде 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында құны 98 млрд теңге болатын 21 мектеп құрылысы жүргізілсе, оның біреуі Сырдария ауданында салынбақ.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биыл Нағи Ілиясов ауылында дәрігерлік амбу­латория пай­­далануға беріледі. Мұнан бөлек, Іңкәрдария, А.Тоқмағамбетов, Қалжан ахун ауылдарындағы фельдшерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті. Келер жылы 7 ауданда салтанат сарайы, кітапхана, музей, архив, жастар, ардагерлер мен аналар бас қосатын «Руханият» орталықтары салынады. Осындай орталықтың алғашқысы Сырдария ауданын­да бой көтермек. Айта кетейік, Қалжан ахун ауылдық округінде газ құбырын және орам­ішілік газ тарату желілерін салу жұмыстарын «Рем­строй» серіктестігі жүргізген. Жұмыстың сапалы орындалуы аудан әкімінен бас­тап тиісті сала мамандарының бақылауында болды.

– Биыл, міне, еңселі егемендік мерекесімен қатар ауданымыздың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында көптен күткен көгілдір отынға қолымыз жетті. Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Енді тұрғындардың тұрмысы жеңілдей түспек. Отын жару, көмір тасудың өзіндік машақаты бар. Ауыл тұрғындары жылыту жұмыстарынан қиналмайтын болды. Ауылдың көркеюі – елдің көркеюі. Еліміз өр­кендеп, дамудың даңғыл жолында болайық, – дейді ауыл тұрғыны Серікбай Кенжебаев.

Халқымызда «Қос тойың қабат болсын» деген жақсы сөз бар. Ауданның 95 жылдық айтулы мерейтойы­мен Қалжан ахун ауылы тұрғындарының табиғи газға қол жеткізуі тұспа-тұс келді. «Табиғи газ – Тәуелсіздік тартуы» дейтін болсақ, жақсы жаңалықтар жалғасын тауып, ел халқының еңсесін тіктеу, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүргізілетініне сенім мол.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
07 қараша 2023 ж. 327 0