Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыл үздіктері анықталды

Жыл үздіктері анықталды

Жақында шаған ауылында жылды қорытындылауға арналған мерекелік іс-шара өткізілді. «Жаңа жыл – жаңа бақыт, жаңа жыр!» тақырыбындағы мерекелік кешке ауыл әкімі Ұлбала Әбдіраманова, аудандық мәслихат депутаттары Ғалия Жаңабаева, Ақтөре Ибрагимұлы, еңбек ардагерлері, ауыл тұрғындары қатысты.

Мерекелік кешті ашқан ауыл әкімі Ұлбала Әбдіраманова жергілікті халықты жаңа жыл мерекесімен құттықтап, әрбір отбасына барыс жылында табыс тіледі.

– Қазақта «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген тәмсіл бар. Ауыл халқына сиыр жылы табысты, берекелі болды. Қамбамыз астыққа толып, біршама жұмыстар атқарылды. Байыпты бастамаларға иек артып, алдағы уақытта ауыл әлеуетін арттыруға жұмыс жасайтын боламыз. Жылды қорытындылау кешінде түрлі сала мамандарының еңбегі бағаланып, үздіктер анықталды. Баршаңызды жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын, – деді ауыл әкімі.

Өз кезегінде ауыл азаматтары арнайы номинация бойынша марапатталды. Мәселен, «Жыл адамын» «Батыр ана» Кеншімкүл Жарасбай, «Үздік мұғалімді» Мәрия Есімсейітова, «Үздік қызметкерді» Қанат Қалмаханов иеленді. Бұл ретте, жыл бойына Шаған ауылының тыныс-тіршілігін насихаттауға үлес қосқан аудандық «Тіршілік тынысы» газеті ұжымына «Жаңалық жаршысы» номинациясы табысталды. Сонымен бірге, «Үздік медбикені» Назмаш Өмірбаева, «Үздік би пәнінің мұғалімін» Мөлдір Бекарыстанова, «Үздік жаттықтырушыны» Нұрсұлтан Оспанов, «Үздік ветеринарлық дәрігерді» Өтепберген Төлегенов, «Үздік мәдениет қызметкерін» Жәнібек Тасбергенов, «Үздік пошта қызметкерін» Айнұр Атабаева, «Қайратты, қайсар ананы» Ақмарал Әбдіраманова, «Жаңашыл кәсіпкерді» Қанат Ешмағанбетов, «Үздік оқушы» номинациясын Аружан Амангелдиева иемденді.

Шаған ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастырған мерекелік кеште ауыл өнерпаздары ән шырқап, би биледі. Жаңа жылдық көңіл-күйді сезінген ауыл халқы бір-біріне ақжарма тілегін жеткізді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға «Шаған фермер» және «Жазира» шаруа қожалығының, жеке кәсіпкер Гүлнар Жүністің демеушілігіменжаңа жылдық сыйлық таратылды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 

11 қаңтар 2022 ж. 260 0