Сексеуілдің миллион көшетін аралға жөнелтеді

Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің бас орманшысы Қадір Рахымжанов пен орманшы-инспектор Нұрхан Нұрмағанбетов сексеуілдің бітік шығуына тікелей атсалысады. Күнделікті жұмыс жоспарына сәйкес, Қызыл бойындағы 7 және Аңламастағы 3 шақырым жердегі сексеуіл ақбанына күтім жасалады. Көктем-күз айларында 1 миллионға жуық көшетті Арал ауданына жөнелтеді. Мұндай қарқынды жұмыс соңғы 7 жылда жүзеге асып келеді.
– Жазық даланың өзіндік заңы бар. Орман және жануарлар дүниесін қорғау барысында барлығын талапқа сай атқаруға тырысамыз. Сексеуіл тұқымын дайындауда барынша шығымына көңіл бөлеміз. Іңкәрдария ауылында сексеуілдің қара және қызыл түрі өсіріледі. Сонымен қатар құмды жерде ақ сексеуіл кездеседі. Қазақстандағы орман қорының 48 пайызын алып жатқан сексеуіл ағашының қасиеті ерекше. Бас орманшы Қадір Рахымжанов екеуміз Өзбекстан шекарасына дейін жалғасып жатқан орман қорының жеріне бақылау жасаймыз. Арал ауданына әр жылдары 500 мың мен 1 миллионға жуық тұқымдық жібереміз. Өзім 2016 жылдан бері сексеуіл алқабына күтім жасаудамын, – дейді Нұрхан Нұрмағанбетов.
Қысы-жазы дамыл көрмейтін орман шаруашылығы саласының мамандары табиғаттың тосын мінезіне қарамастан, тапсырманы мүлтіксіз орындауға тырысады.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ