Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 76 газет

07 қазан 2025 ж.

№ 75 газет

04 қазан 2025 ж.

№ 74 газет

30 қыркүйек 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Берекесі бекем ауыл

Берекесі бекем ауыл

Аудан орталығынан ең қашықта орналасқан Айдарлы ауылы – тарихы тереңде жатқан құтты мекен. Өткен жылы құрылғанына жарты ғасыр болған ауыл тың бастамасымен, ілкімді ісімен елге танылған. Қасиетті елді мекенде, нақты айтқанда ауыл іргесінен 8 шақырым жерде әулие баба Қожжан қожа кесенесі бар. Есімі түркі тілдес халыққа танылған баба Қожа Ахмет Яссауидің ізін қуған дін қайраткері. Қожжан қожа Мұхаммед Ханафияның отыз бірінші ұрпағы саналады. Міне, осындай қасиетімен ерекшеленетін Айдарлыға іссапарымыз барысында, алға қойған мақсатымызға жету үшін ауылдың тыныс-тіршілігімен танысуға асықтық.

Атқарылған іс тағылымды тарихқа айналған ауылдың бүгінгі күй-жайы, қалыптасуы оның дамуына үлес қос­қан ардақты азаматтардың қажыр­лы еңбегінің жемісі. Ауыл іргесі өткен ғасырдың басында ұжымшар ретінде құрылып, тұрғындар атакәсіп – егін егу және диқаншылықпен айналысқан.

1934-1935 жылдары ұжымшар Айдарлы, Құмшығанақ, Ақарық кол­хоздарына біріктірілген. Екінші дүние­жүзі­лік соғыс басталмас бұрын осы кол­хоздардың экономикалық күш-қуаты арта бастаған. Мұнда мақта, арпа, бидай, тары дақылдарымен қатар жүгері, қауын, қарбыз, бақша дақылдары егілді. 1950 жылдың екін­ші жартысында Айдарлы, Ақарық, Құм­шығанақ, Қызыл Ту колхоздары бірігіп, Амангелді колхозы болып аталды. 1958 жылы «1 Май» колхозына қосылса, 1961 жы­лы Айдарлы колхозы қайта бөлінген. 1963-1974 жылдары Амангелді совхозының бөлім­шесі болса, 1974 жылы Айдарлы өз алдына совхоз болып құрылды. «Берекелі елге бақ қонады» деп дана халқымыз айтқандай, елде әрдайым ауызбірлік, татулық, ынтымақ болса бақыт та, байлық та, береке де орнайды.

Айдарлы ауылында бүгін­де 1630 халық 305 отбасында тұрады. Ауыл тұрғындары берекелі іске бірігіп, жұмыссыздықты азайтуға үлес қосуда.

– Айдарлы ауылы өткен жылы облыс­тық «Үлгілі елді мекен» бай­қауында үздіктер қатарынан көрінді. Әсіресе, ауыл жастарының белсен­ділігін атап өткен жөн. Елді мекенде жастар бригадасы құрылып, бақша дақылдарын егіп, нәтижесін көруде. Жастар бірігіп, әркез ауылдың дамуы­на өз үлесін қосуда. Елді мекенге кіре­беріске арка орнатып, тұрмысы төмен отбасына үй алып берді. Жалпы қайы­рымдылық жұмысына ауыл жастары ұйымшылдық танытуда. Осындай туған жерге деген жанашырлықтың арқасында Айдарлы ауылы өркендеп, көркейіп келеді. Ауылдық округ бойын­ша 2025 жылдың 8 айында 17 адам тұрақты жұмысқа орналасты, 36 адам ақылы қоғамдық, 7-і жастар тәжірибесімен жұмысқа қабылданды. Жұмыссыздық деңгейі жыл аяғында 5,1 пайызды құрады. Елді мекенде жалпы ұзындығы 12,9 шақырым болатын 10 көше бар. Оның 11,3 шақы­рымы асфальтталған. Барлық көше 100 пайыз жарықтандырылған. Ауыл тәулік бойы ауызсумен толық қамта­масыз етілген, – дейді ауылдық округ әкімі Нұрбол Жұмабеков.

Ауылда 125 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Жеке кәсіппен айналысып, мемлекеттен қайтарымсыз грант алған­­дардың қатарында көпбалалы аналар бар. Олар сүт өнімін өндіру бойынша қаржыландырылған. Бірне­ше көпбалалы отбасы жылқы өсіру және қымыз өндіру бойынша жобаға қатысып, құжаты мақұлданған.

Жоғарыда айтып өтілгендей, ауыл жастары біріккен «Айдарлы жастары» бригадасы биыл 5 тонна картоп, 5 тонна бақша дақылын егіп, өнімін жинауда. Балық шаруашылығын дамыту, тоғандар ашу қолға алынған. «Алдаберген» және «Зарқұм» шаруа қожалықтары жайы­лымдық жерінен тоған ашу арқылы екі адамды жұмыспен қам­тымақ. Ауыл­ды абаттандыру мен аяқсумен қам­тамасыз ету мақсатында «Тораң­ғыл­ды» каналына СНП-500 электронды на­сосы орнатылып, ауыл іші аяқсумен қам­тамасыз етілген. Сонымен қатар «Ақтам» каналының сағасына 600 метр қашықтықта механикалық тазарту жұмыстары жүргізілген.

– «Бірге – Таза Қазақстан» эко­ло­гиялық акциясы аясында мекеме ұжымдары, қоғамдық жұмысшылар және ауыл тұрғындарының қаты­суымен апта сайын сенбілік ұйым­дас­тырылады. Демеушілер есебімен 1000 түп ағаш көшеті отырғызылды. Қазіргі таңда ауылда балалар ойын алаңы мен жаттығу алаңы салынуда. Сонымен қатар елді мекенде салық базасын ұлғайту және кәсіпкерлерді ауылға тарту мақсатында «Азимут Газ» ЖШС-мен бірлесе отырып, ауыл кіреберісінен заманауи газ құю бекеті ашылды. Бұл бастама тұрғындарға қолай­лы жағдай жасап қана қоймай, ауыл экономикасының дамуына оң әсерін тигізіп отыр, – дейді ауыл әкімі.

Бүгінде ынтымағы жарасқан Ай­дар­­­лы ауылының дамуы қарқынды. Елді мекенде әлеуметтік нысандар жаңарып, жолдар жөнделген. Соңғы 3 жылда елді мекенде 500 миллион теңгеден аса қаржыға 4 көше жөнделіп, 30 шақырым электр желілері толық жаңартылып, тұрғын үйлер пайдалануға берілген. Алдағы уақытта бірлігі бекем ауылда тұрғындардың кәсіпкерлікпен айналысуына қолайлы жағдай жасалады. Көше жөндеу, егін шаруа­­шылығын дамыту жұмысы да жүйелі жүргізіліп, ауылдың тұр­ғын­дарының ынтымақ-берекесі арта бермек.


Бибісара ЖАНӘЛІ

07 қазан 2025 ж. 252 0