Алыптардың алтын бесігі – Айдарлы
Алыптарға құтты мекен болған Айдарлы ауылының тарихы тереңде жатыр. Қашанда ілкімді істерімен елге танылған елді мекеннің құрылғанына биыл 50 жыл толды. Жартығасырлық мерейтойды айдарлылықтар өткен аптаның сенбісінде дүркіретіп, думандатып өткізді.
Тәулік бойы елдің мерейін тасытқан торқалы тойға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, саяси ғылымдарының докторы, профессор, журналист, қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір, Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің «Технологиялық машиналар мен жабдықтар» кафедрасының профессоры Әнипа Асқарова, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Қайратбек Сәрсенбаев, «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгісінің иегері, білім саласының ардагері Асылхан Дүйсебеков аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, ауылдан шыққан тұғырлы тұлғалар, жергілікті тұрғындар мен қонақтар қатысты.
Ізгілікті істің берері мол
Ең алдымен, мерейтойға ортақтасып келген елді мекен қонақтары Айдарлыдан 8 шақырым қашықтықта орналасқан Қожан қожа кесенесіне барып, баба рухына Құран бағыштады. Биыл Қожан қожа кесенесіне баратын жолдың 2,5 шақырымы күрделі жөндеуден өткізілген. Арнайы кіреберіс қақпа орнатылған. Бұдан бөлек, кесене аумағы жаңартылған. Көпшілік атқарылған бірқатар жұмысқа жоғары бағасын берді.
Негізінен, Қожан қожаны түркі тектес халықтың басым бөлігі таныған. Ол – Қожа Ахмет Яссауидің ізін қуған. Қасиетті баба Мұхаммед Ханафияның отыз бірінші ұрпағы саналады. Міне, Айдарлының топырағынан түлеп ұшқан әрбір адам оның рухына әркез тәу етеді. Мерейтой аясында дін қайраткерінің есімі ұлықталуы – заңдылық.
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев қонақтармен бірге торқалы тойда «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауылдағы саябаққа жеміс ағаштарын отырғызды. Тағылымы терең іс-шарадан үлкен де, кіші де қалыс қалмады. Тек қана жақсылықпен аты шыққан ауылдың халқы өскелең ұрпақтың болашағы үшін ізгілікті іске үлес қосты.
Тағылымы мол конференция
Өз кезегінде Ғафурдин Жанұзақов атындағы клубта 50 жылдық мерейтой шеңберінде «Келешегі кемел, тарихы терең – Айдарлым!» тақырыбында танымдық конференция өткізілді. Тағылымды іс-шарада алдағы уақытта жарық көретін «Айдарлым – алтын бесігім» кітабының таныстырылымы болды.
Конференцияда аудан әкімі Берік Сәрменбаев сөз сөйлеп, ауыл жұртшылығын мерейтоймен құттықтады.
– Баршаңызды құтты қоныс Айдарлы ауылының 50 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Халқымызда «Елу жылда ел жаңа» деген нақыл сөз бар. Елу жылда ел жаңарып, атқарылған істер тағылымы мол тарихқа айналып, бүгінгі күннің бағдары анық айқындалады. Сондықтан құрылғанына 50 жыл болған Айдарлы ауылының айтулы мерейтойын ауданның ортақ қуанышы, ауылдың қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ардақты азаматтардың қажырлы еңбегінің жемісі деуге толық негіз бар. Ауыл іргесі өткен ғасырдың басында ұжымшар ретінде құрылып, тұрғындар атакәсіп – егін егу және диқаншылықпен айналысқан. 1934-1935 жылдары ұжымшар Айдарлы, Құмшығанақ, Ақарық колхоздарына біріктірілді. Соғыс алдында аталған колхоздардың экономикалық күш-қуаты арта бастады. Мұнда мақта, арпа, бидай, тары дақылдарымен қатар жүгері, қауын, қарбыз, бақша, үпілмәлік егіліп, Айдарлының атын шығарды. 1950 жылдың екінші жартысында Айдарлы, Ақарық, Құмшығанақ, Қызыл Ту колхоздары бірігіп, Амангелді колхозы болып аталды. 1958 жылы «1 Май» колхозына қосылса, 1961 жылы Айдарлы колхозы қайта бөлінген. 1963-1974 жылдары Амангелді совхозының бөлімшесі болса, 1974 жылы Айдарлы өз алдына совхоз болып құрылды. «Берекелі елге бақ қонады» деп дана халқымыз айтқандай, елде әрдайым ауызбірлік, татулық, ынтымақ болса бақыт та, байлық та, береке де орнайды. Айдарлы ауылының тұрғындары берекелі іске бірігіп, жарты ғасыр бойы ынтымақтың үлгісін көрсетіп келеді. Бүгінгі мерейтой соның дәлелі екені айқын. Ауыл халқын 50 жылдық мерейтоймен құттықтай отырып, Айдарлы ауылының болашағы жарқын, тіршілігі баянды болсын деп тілек білдіремін! Бүгінгі конференция жұмысына сәттілік тілеймін, – деді аудан басшысы.
Танымдық конференцияда Айдарлы ауылының тарихы мен ілкімді істері жөнінде бірнеше баяндама оқылды. Ең алғаш совхоз ретінде құрылған жылдары еңселі еңбегімен танылған тұғырлы тұлғалардың есімі жаңғыртылды. Бұл ретте, саяси ғылымдарының докторы, профессор, журналист, қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір, Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің «Технологиялық машиналар мен жабдықтар» кафедрасының профессоры Әнипа Асқарова, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Қайратбек Сәрсенбаев сөз сөйлеп, тереңнен зерттелген елді мекен жөнінде тың мағлұматқа тоқталды.
– Балалық шағымыздың куәсі атанған туған жер топырағынан талай талант түлеп ұшқаны анық. Қашанда бірлігі бекем, тірлігі көркем ауылымыздың өсіп-өркендеуіне барымызды саламыз. Бүгін Айдарлы ауылында игі жақсылар бас қосуда. Тынымсыз еңбектің, қажыр-қайраттың арқасында ауылымыз күннен-күнге жандану үстінде. Танымдық конференция барысында туған жер тарихына тереңнен қанықтық, – деді Әбдіжәлел Бәкір.
«Айдарлым – алтын бесігім» кітабының авторы, Айдарлы совхозының директоры, ауыл әкімі болған Қожахмет Мырзаев жинақтың мазмұнын таныстырды. Кітап алдағы уақытта оқырман қауымға жол тартатын болады.
Айдарлылықтар – құрмет төрінде
Айдарлы ауылының 50 жылдық мерейтойы «Келешегі кемел, тарихы терең – Айдарлым!» тақырыбындағы салтанатты іс-шарамен жалғасын тапты. Орталық алаңда өткен мерекелік кеште Берік Әбдіғаппарұлы ауыл халқын айтулы күнмен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде «Ауылдар дамыса, ел дамиды» деп атап өтті. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев ауылдардың дамуына ерекше мән беріп, көп қолдау көрсетуде. Бүгінде Сыр елінде, оның ішінде Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында үлкен жетістіктер бар. Екі жыл бұрын аудан бюджеті 10 млрд теңгені құраса, бүгінде бюджетіміз 16 млрд теңгеден асты. Бүгінде ынтымағы жарасқан Айдарлы ауылының дамуы қарқынды. Елді мекенде әлеуметтік нысандар жаңарып, жолдар жөнделген. Тұрғындар сапалы ауызсумен толық қамтылған. Көшелер толық жарықпен қамтамасыз етілген. Соңғы 3 жылда елді мекенде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен 500 миллион теңгеден аса қаржыға 4 көше жөнделіп, 30 шақырым электр желілері толық жаңартылды және тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Елді мекенді абаттандыруға да үлкен мән беріліп келеді. Биыл облыстық «Үлгілі елді мекен» байқауында Айдарлы ауылы үздіктер қатарынан көрінді. Ауыл жастарының белсенділігін атап өткен жөн. Елді мекенде жастар бригадасы құрылып, бақша дақылдарын егіп, нәтижесін көруде. Жастар бірігіп, әркез ауылдың дамуына өз үлестерін қосып отырады. Елді мекенге кіреберіс арка, тұрмысы төмен отбасына үй алып беру, қайырымдылық жұмыстарда Айдарлы ауылының жастары ұйымшылдық танытуда. Міне, осындай туған жерге деген жанашырлықтың нәтижесінде Айдарлы ауылы өркендеп, көркейіп келеді. Елді мекеннің дамуына атсалысып жүрген азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін! Елді мекеннен еңбектің көрігін қыздырған еңбек адамы көп шыққан. Мерейтой аясында олардың бірқатарын марапаттайтын боламыз. Бүгін осынау берекелі, киелі өлкенің бейнеткеш халқын мерейтоймен құттықтаймын! Айдарлы ауылы дами берсін! – деді аудан басшысы.
Айтулы күнде ауыл қонақтары мен тұрғындарына «Айдарлы ауылының құрылғанына 50 жыл» мерекелік төсбелгісі, аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды. Ауыл әкімі Нұрбол Жұмабеков елді мекенде осыған дейінгі атқарылған жұмыстарды жиналған көпшілікке таныстырды. Іс-шарада аудан өнерпаздары өнер көрсетіп, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.
Ерікті жастар көпке үлгі
Айдарлылық жастар қай кезде де ерен еріктіліктің үлгісін көрсетіп келеді. Белсенділігі жоғары жастардың демеушілігімен гір тасын көтеру, қол күрес, арқан тарту, волейбол, көкпар ойынынан жарыс өтті. Жарыстың ұйымдастырылуына әр жылдары дүниеге келген ауыл жастары үлес қосты. Кіл мықтылар арасынан суырылып шыққан жеңімпаздарға бағалы сыйлық үлестірілді.
Көптің делебесін қоздыратын көкпар ойынында жастардың рухы биіктей түсті. Бұдан бөлек, ауыл жастарының қолдауымен Айбек Әбдрамановқа баспана кілті табысталды.
Айдарлы ауылының 50 жылдық мерейтойы кешке эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертпен қорытындыланды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ