Білім саласының майталманы

Қармақшы ауданының тумасы Марияш Жалғасбекқызы 1966 жылы дүниеге келген. Оқушы кезеңін ойдағыдай тәмамдаған талапкер Марияш 1985-1990 жылдары Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында «қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі мамандығын алып шыққан. Осы жылы еңбек жолын Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі қызметімен бастайды. Араға көп уақыт салмай 1991 жылы өмірлік жолдасы Қайрат Тұрлыбековпен бас қосып, шаңырақ көтереді.
– Жолдасым Қайрат та бірнеше жыл мұғалімдік қызмет атқарды. Одан кейін жеке кәсіппен айналысып, отбасын асырады. Мен сол мектептегі қызметімнен алшақтаған емеспін. Биыл міне, білім саласында жұмыс істеп келе жатқаныма 35 жыл толыпты. Әр саланың өзіндік қиыншылықтары мен қызықтары қатар жүретіні белгілі. 90-жылдардағы ауыртпалық кезеңді мектеп ұжымы бір кісідей көтеріп, біршама қиындықты артқа тастадық. Қазіргі таңда, білім ордасында барлық жағдай жасалған. Бұл әрине, келешек ұрпақтың сапалы біліммен сусындауына маңызды мүмкіндік, – дейді сала маманы.
35 жыл аз уақыт емес. Осы жыл ішінде өзінің біліктілігі мен кәсіби шығармашылығын айқын көрсете білген үлгілі ұстаз Марияш Жалғасбекқызы көптеген оқушыларды жетістікке жетуіне қол ұшын созған жан. Шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық сайыстың жүлдегерлері. Оның оқыту технологиялары мен білім беруде қолданатын көрнекілігі, сондай-ақ қазіргі уақытта көптеп пайдаланылатын электронды оқулықтар мен аудио-визуалды құралдарды жұмыс бабынба тиімді жүргізу жолдары Марияш Аусинбаеваның саладағы шеберлігі екені анық. Өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен білім беру сапасын арттыруға қосқан үлесі айрықша.
Ғұмырын ұстаздыққа арнаған жан жолдасымен 2 қыз, 2 ұл тәрбиелеп, өсірген. Қазіргі таңда үлкен қызы Сымбат Алматы қаласында тіс дәрігері, екінші қызы Ғазиза дефектолог мамандығы бойынша қызмет етуде. Ал үлкен ұлы Арнұр ІТ саласы бойынша бағдарламашы болып жұмыс істесе, кіші ұлы Ернұр механика-математика саласы бойынша жоғары оқу орнында білім алуда. Арқасүйер өмірлік серігі Қайрат Тұрлыбеков соңғы жылдарын Алматы қаласының әкімдік аппаратында қызмет етіп, «Медеу мұз айдыны» директоры лауазымын атқарған. 2014 жылы қараша айында денсаулығы сыр беріп, қайғылы жағдай орын алған.
– «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай ғұламамыз айтқандай, мен де еңбек жолымды ұстаздыққа арнадым. Ұл-қыздарым мектепті «үздік аттестатпен» бітіріп, қазір бір-бір маман иесі атанып отыр. Бір қызым тұрмыста, немересін құшағына қысқан әжемін. Жолдасым өмірден өткелі биыл 12 жыл болыпты. Қазір көзі тірі болғанда сол немерелерінің қызығын бірге көретін едік, – дейді Марияш Жалғасбекқызы.
Қазіргі заман мұғалімі тек білім беруші ғана емес, ол – жан-жақты дамуға жол ашатын тұлға. Осындай заманауи технологиялар дамыған заманда мұғалімнің орны айрықша.
Бүгінде Марияш Жалғасбекқызының еңбек жолы алғысқа толы. Аудандық білім бөлімінің «Алғыс хаты» мен «Құрмет грамотасы», сондай-ақ Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Құрмет грамотасы» және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ