Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 75 газет

04 қазан 2025 ж.

№ 74 газет

30 қыркүйек 2025 ж.

№ 73 газет

27 қыркүйек 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Сандардың сырын ұғындырған

Сандардың сырын ұғындырған

Кенттегі Оспан Әбілпаттаев атындағы №210 орта мектептің мұғалімі Гүлайым Шитманова талай шәкірттің өміріне жол сілтеп келе жатқан шамшырақ. Ұстаздың қырық жылдан бері білім саласына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Сондықтан ұлағатты ұстазға барша шәкірттері мен әріптестері құрмет көрсетеді.

Қиындығы мен қызығы жетерлік, ең бастысы жауапкершілігі жоғары мамандық иесі атануға Гүлайым апайға бағыт берген байырғы ұстаздары Тұрсынбек Тұрлашев пен Есберген Кежековке айтар алғысы мол. Жалағаш ауданы Еңбек ауылының тумасы Гүлайым Қаражанқызы мектепте оқып жүргенінде-ақ математика мен физика пәніне зерек болып, болашақта мұғалім болуды армандайды. Алдымен дайындық курсынан өтіп, Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылында институт қабырғасынан математика мен физика пәнінің мұғалімі мамандығын алып шыққан жас маман алғашқы еңбек жолын Жалағаш ауданындағы №115 орталау мектебінен бастайды. Осы саланың жүгін арқалап, шәкірт тәрбиелеу жолында үздіксіз еңбек еткен ардақты ұстаз 1998 жылдан осы кезге дейін білімнің ордасы О.Әбілпаттаев атындағы №210 орта мектепте абыройлы еңбек етуде.

– Әрине, ұстаздық ету төзімділікті, үнемі ізденісті, шығармашылық қабілеттің шыңдай түсуін талап етеді. Мамандығымның сүйікті ісіме айналғаны мен үшін үлкен бақыт. Оқушыларды математика әлемінің ғажайыптарына, патшалығына апарып, өмірден өз орындарын табуына үлесімді қосып жатқаныма қуаныштымын. Жас маман ретінде кезінде өзіме ұстаз тұтқан ардақтылардың ізін жалғап, бүгінде ардагер-ұстаз атанған Алмагүл Ақмырзақызы, Күләш Сәдуақасқызы, Күлшат Әбентайқызы, Дина Абдуллақызы, Роза Шайхисламқызынан өмірлік тәжірибе үйрендім. Марқұм Аршагүл Мешітбайқызымен бірге қиын оқушылармен жұмыс жүргізіп, тәрбиелік жұмыс атқарғанымыз есімде. Мектеп ұжымынан әрбір ұстаздың бойында болатын төзімділік, сыпайылық, тазалық, адам­гершілік, еңбексүйгіштік сияқты жақсы қасиеттерді бойы­ма сіңірдім. Қазір сол асыл қасиетті мектептің аға буын өкілі ретінде жас мұғалімдерге үйретіп, айтудан жалыққан емеспін, – дейді өз ісінің білгірі, майталман мұғалім Гүлайым Шитманова.

Педагог-сарапшы санатындағы ұстаз шәкіртінің бойына ақыл мен білім дәнін сеуіп, аялап, баптап, талай білім бәйгесіне қосты. Оқушылары Тимур Жұманов, Ерлан Обашқанов, Баубек Туманов үздіктер қатарынан көрінген, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүрген, ерекше атап, мақтан ететін шәкірттері.

– «Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, ұстаз қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Әріптесім Гүлайым апай білікті де тәжірибесі бай ұстаз. Сондықтан біз апайды қадірлейміз, еңбегін бағалаймыз. Ол кісінің жолын үлгі тұтамыз. Адамгершілігі жоғары, кейінгі буынға шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қасиеті мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып жүрген жүрегі – жылы, көңілі – дарқан адам, – дейді әріптесі Әзиза Үсенбаева жылы пікір білдіріп.

«Математиканы бүкіл әлем оқиды, оны қолданбайтын сала жоқ» деген ұстанымды өмірлік қағида санап, өмірін ұстаздыққа арнаған Гүлайым Қаражанқызы осы уақытқа дейін алған марапатын қажырлы еңбегіне берілген баға деп біледі. Себебі ол білім беру арқылы оқушының бо­йында өмірге деген ұтымды көзқарас қалыптастырып, ел экономикасын көтеретін шәкірт тәрбиелеп, келешектің негізін қалауда.
Дана халқымыз «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді. Бүгінде самайын қырау шалған ұстаз әкесі Қаражан мен анасы Қантайдан адал еңбек етуді, қарапайымдылықты бойына сіңіргенін шүкіршілік етеді. Өйткені ол көпбалалы отбасында туып-өсіп, әкеден – ұлағат, анадан – ғибрат алды. Қазір он екі баланы өмірге әкелген ақ жаулықты анасы сексенге келіп, ұрпағының қызығын көріп отырғаны ардақты жан үшін шын бақыт. Гүлайым апай өмірлік қосағы Серік ағамен Абдуғазиз бен Гүлфиза есімді ұл-қыз тәрбиелеп өсірді, Мұстахим мен Әбубакир есімді немере сүйіп отыр.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
04 қазан 2025 ж. 69 0